Шымкенттегі қоғамдық көлік мәдениеті жаңғыруда

Шымкент қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінгі таңда ел азаматтарының күнделікті өміріндегі өзекті мәселелердің уақтылы шешілуіне жол ашып отыр. Бұл, әсіресе, халықтың көп шоғырланған ірі мегаполистеріндегі инфрақұрылымдық бағытта айқын көрініс табуда. Соның бір жарқын мысалы – Шымкент қаласындағы аялдама желісінің жаңаруы мен көлік инфрақұрылымын заман талабына сай бейімдеу жұмыстары.
Қоғамдық көлік – қала өмірінің күретамыры. Ал сол көлік қызметінің сапасы мен қолайлылығы аялдама павильондарынан басталады. Шымкент қаласында бүгінде 2335 аялдама орны тіркелсе, оның ішінен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 300 жаңа аялдама жолаушылар көп жүретін, сұранысы жоғары аумақтарға орнатылған. Бұл — тұрғындардың талап-тілегі мен нақты сұранысын ескерген биліктің әрекеті.
Жаңа павильондар екі түрлі үлгіде қойылып жатыр:
«Тип 20» – берік металдан жасалған, ұзақ мерзімді конструкциялар.
«Тип 22» – шыныдан жасалған, көркем әрі эстетикалық шешімге сай павильондар.
Бұл жаңашыл қадам тек инфрақұрылымды жақсарту емес, қала мәдениетін көтеруге бағытталған бастама ретінде бағалануы тиіс. Қала кеңістігі – тұрғындар мен билік арасындағы үнқатыс алаңы, ал заманауи павильондар – сол диалогтың бір көрінісі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Ол — тілдік орта мен рухани кеңістіктің де жаңғыруына себепкер болуы тиіс. Шымкент қаласында аялдама атауларын қазақ тілінде рәсімдеу бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда 1062 аялдама ресми атауға ие болды. Бұл – тілдік дербестікке жасалған тағы бір нақты қадам.
Сонымен қатар, 771 аялдамада жолаушыларға арналған ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Бұл деректер жолаушы үшін тек бағыт-бағдар емес, мемлекеттік тілдің қоғамдық ортада қолданысын арттыруға үлес қосатын құралға айналып отыр.
Жаңару бар жерде жетілдіру де қажет. Аялдамаларға қатысты тұрғындар тарапынан сын-ескертпелердің айтылуы – азаматтық белсенділіктің белгісі. Мәселен, әлеуметтік желілерде «Ақмешіт» аялдамасындағы ақпараттық тақтайшада кеткен қате қоғам тарапынан сынға ілікті. Бұл оқиға билік тарапынан назардан тыс қалған жоқ – жауапты басқарма бірден кешірім сұрап, түзету жұмыстарына кірісті.
Сол сияқты, Абай ауданы, Сыпырған ата көшесіндегі аялдамада да атау қатесі орын алған. «Е.Сыпатаев» орнына «Қ.Сыпатаев» деп көрсетілуі – бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінгенімен, шын мәнінде қоғамдық сана мен тарихи есімді құрметтеу мәдениетінің мәселесі.
Осы жағдайлар — биліктің тұрғындар үнін естіп қана қоймай, нақты әрекетке көшкенінің дәлелі. Бұл – жауапкершілік мәдениеті мен шынайы есеп беру принциптерінің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік бастамалармен қатар, жеке инвестиция есебінен де қоғамдық көлік инфрақұрылымын жетілдіру жолға қойылған. Қазіргі таңда қалада 62 коммерциялық аялдама павильоны салынуда. Бұл – кәсіпкерлік пен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нақты жемісі. Жеке сектордың осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға белсенді қатысуы – жауапты азаматтық қоғамның қалыптасу жолындағы қадам.
Қоғамдық көлік жүйесін дамыту, аялдама мәдениетін қалыптастыру, тілдік кеңістікті кеңейту – мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы жүйелі істер. Шымкент қаласындағы бұл жұмыстар тұрғындардың нақты сұранысына сүйене отырып атқарылып жатқаны – «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жарқын көрінісі.
Сын айту – саяси белсенділіктің формасы, ал биліктің сол сынға жауап қатуы – демократиялық басқарудың белгісі. Қала халқы үн қатып отыр, ал әкімдік тыңдап қана қоймай, нақты нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша, тұрғын мен билік арасындағы сенім көпірі беки түсуде.













