Тұрғындар үніне құлақ асқан билік: Шымкенттегі қауіпсіздік пен инфрақұрылым қалай өзгеруде?

0
107

Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі халықтың күнделікті өмірімен өлшенеді. Әсіресе ірі қалаларда тұрғындардың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелер дер кезінде шешіліп отырса, бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының өмірде нақты көрініс тапқанын білдіреді. Шымкент қаласында соңғы айларда атқарылған бірқатар жұмыстар осы принципке сай жүзеге асып, тұрғындардың сұранысы мен ұсынысына құрметпен қараудың үлгісін көрсетті.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткізген кездесуі — жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогтың көрінісі болды. Кездесу барысында тұрғындар Тұран шағынауданындағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, нақты ұсыныстар айтты. Азаматтардың бұл үнін әкімдік назардан тыс қалдырмай, жаяу жүргіншілер өткелдерін сызу, жол белгілерін орнату, аялдама павильондарын қалпына келтіру сияқты нақты шараларды жүзеге асырды.

Атап айтқанда, қала әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміндегі 8 көшеде орналасқан аялдамалар ретке келтіріліп, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік жасалды. Бұл жұмыстар — қала инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кезекті қадам ғана емес, қоғам пікіріне бейімделген жаңа басқару мәдениетінің көрінісі.

Билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынастың тағы бір жарқын мысалы — Шымкентсити шағынауданындағы өзгерістер. Қала әкімінің Абай ауданы, Шымкентсити шағынауданындағы №20 үйдің тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесу барысында балалар мен жастарға арналған ойын және спорт алаңшаларын орнату қажеттігін ашық айтты. Бұл үн де жерде қалмады.

«Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен аталған аумақтағы алаңшалар толықтай жаңартылып, бүгінде пайдалануға дайын күйге келтірілді. Қалалық құрылыс басқармасынан Абай ауданы әкімдігінің балансына өткізу процесі жүргізілуде.

Бұл — тек ойын алаңы емес. Бұл — балалар мен жастардың қауіпсіз әрі белсенді демалыс ортасы, салауатты өмір салтын қолдау, жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік белсенділікті арттыруға арналған қоғамдық кеңістік.

Бұл мысалдар Шымкент әкімдігінің тұрғындармен кері байланысты нақты іспен жүзеге асырып отырғанының айғағы. Қалалық басқару жүйесі тек формалды кездесумен шектелмей, әр ұсыныс пен сынға назар аударып, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетіп отыр.

Бүгінгі күні тұрғындар өз өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелерге белсенді араласуда. Бұл — саяси белсенділік пен азаматтық жауапкершіліктің артып келе жатқанын білдіреді. Ендігі мақсат — осы белсенділікті қолдап, әр азаматтың пікірін тыңдайтын ашық әрі серпінді мемлекеттік басқару жүйесін орнықтыру.

Шымкент қаласындағы мысалдардан ұғарымыз, қала әкімдігі мен тұрғындар арасында сындарлы диалог орнаса, қала тіршілігі де соғұрлым жүйелі әрі сапалы дамиды. Қауіпсіздік, инфрақұрылым, балалар алаңдары сынды күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелердің шешімі — тек жоғарыдан түскен бұйрықтың емес, халықпен ақылдасу арқылы қабылданған ортақ шешімнің жемісі болуы тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы — сөз жүзіндегі ұран емес, нақты іспен дәлелденетін қағидат. Шымкент қаласындағы соңғы өзгерістер осыған нақты дәлел бола алады.

Leave a reply