Тұран тұрғындарының талабы нақты нәтижеге ұласты

Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын, азаматтардың үнін естіп, уақтылы әрекет етуді басты қағида ретінде ұстануды көздейді. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Тұран ауданы тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуі осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды.
Аталған кездесуде Жаңаталап тұрғын алабының тұрғындары өз көшелеріндегі инфрақұрылымның күрделі жағдайын ашық айтып, Бейбітшілік көшесіне жарық шамдарын орнату және жол жабындысын жаңарту мәселесін көтерді. Бұл – тұрғындардың өз ортасының жағдайына бейжай қарамай, жергілікті басқару жүйесіне белсенді қатысып отырғанының айқын дәлелі.
Саяси белсенділік тек сайлау науқандарында дауыс берумен шектелмейді. Ол – күнделікті өмір сапасына әсер ететін шешімдерге үн қосу, мәселе көтеру, ұсыныс білдіру арқылы да көрініс табады. Жаңаталап тұрғындарының осы әрекеті – азаматтық қоғамның дамып келе жатқанының жарқын мысалы.
Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков тұрғындар көтерген мәселені назардан тыс қалдырмай, жауапты мекемелерге нақты тапсырма берді. Қысқа мерзім ішінде Бейбітшілік көшесіне жарық шамдары орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың шапшаң әрі сапалы орындалуы әкімдік пен халық арасындағы кері байланыстың нәтижелі жолға қойылғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда жолдың екінші қабатты асфальт жабындысын төсеу жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Мұндай инфрақұрылымдық шешімдер тек тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, олардың билікке деген сенімін арттыруға да оң ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «тыңдай білетін мемлекет» қағидаты бүгінде еліміздің әр өңірінде нақты іске асырылып келеді. Шымкент қаласындағы бұл мысал – жергілікті әкімдіктің қоғаммен ашық диалог орната отырып, нақты нәтиже бере алатынын дәлелдейтін жақсы үлгі.
Қарапайым тұрғындардың өтініші билік деңгейінде ескеріліп, жедел түрде шешімін тауып жатса, бұл – демократиялық қоғамның нышаны ғана емес, сапалы мемлекеттік басқарудың жемісі.
Жаңаталаптағы жағдайдан ұғарымыз – егер тұрғындар өз мәселесін ашық жеткізіп, билік оны шынайы тыңдауға дайын болса, кез келген түйткіл шешімін табады. Ең бастысы, халықтың белсенділігі мен биліктің жауапкершілігі тоғысқанда ғана қоғамдық сенім қалыптасады. Мұндай әрекеттер — “халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасының өміршеңдігін айғақтайтын тірі мысалдар.
Билік пен қоғам арасындағы диалогты одан әрі нығайту – еліміздің тұрақты дамуының кепілі.












