ШЫМКЕНТТІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ

0
89

Азаматтардың талап-тілегіне дер кезінде назар аудару – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаты. Бұл қағидат бүгінгі күні біртіндеп нақты істер арқылы жүзеге асып келеді.

Жуырда «AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Асар-2 шағын ауданының тұрғындары Алтыншаған көшесінің бойындағы тазалық мәселесі бойынша өтініш білдірді. Тұрғындар көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан көше бойындағы қоқыс пен санитарлық жағдайға алаңдаушылық білдірген.

Мәселе бойынша партия филиалы Абай ауданы әкімдігіне хабарлама жасап, тұрғындардың өтінішін жеткізді. Нәтижесінде, аудан әкімінің аппараты жедел әрекет етіп, арнайы мамандарды тарта отырып, Алтыншаған көшесіндегі қоқыс толы орындар тазартылды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе оң шешімін тапты.

Бұл жағдай азаматтардың жергілікті мәселелерге бейжай қарамай, белсенділік танытуының, ал жергілікті билік пен партия тарапынан ашық диалог пен тиімді іс-қимылдың көрінісі саналады. Бұл – халық пен билік арасындағы кері байланыстың нақты дәлелі.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен жеке-жеке кездесті. Қабылдауға келген азаматтар жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету (жолға «лежачий полицейский» орнату), тұрғын үй мәселелері бойынша көкейлеріндегі сауалдарын жеткізді.

Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заң аясында кеңес берілді. Аталған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге хабар берілетіні айтылып, азаматтарға нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мұндай ашықтық пен халықпен тікелей жұмыс – тұрғындардың саяси мәдениетін арттырып, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жол ашады. Бұл – ел ішінде азаматтық қоғамның нығаюына, жергілікті өзін-өзі басқарудың жетілуіне алғышарт болмақ.

Leave a reply