ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ – БИЛІК НАЗАРЫНДА

0
90

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам мен билік арасындағы ашық байланыстың, әділдік пен сенімнің негізін құрайды. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келе жатқан «AMANAT» партиясы ел азаматтарының әлеуметтік мәселелеріне жіті назар аударып келеді. Соның бір көрінісі – Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен құқықтық кеңес форматы.

Жуырда «Құқықтық кеңес» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті қабылдауда азаматтарды тұрғын үй мәселелері бойынша Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков қабылдап, тұрғындармен ашық әрі мазмұнды диалог орнатты.

Қабылдауға келген азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үй кезегінің жылжымай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты басқарма басшысы тұрғын үй кезегі қазіргі таңда электронды жүйе арқылы автоматты түрде, заң талаптарына сай жүргізілетінін атап өтті. Цифрлық платформада әрбір азаматтың кезегі ашық көрінеді, ал бұл өз кезегінде адам араласуын болдырмайтын әділ тетікке айналған.

Сонымен қатар, кезек тізімі тек Тұрғын үй басқармасы тарапынан ғана емес, тиісті мемлекеттік және қоғамдық бақылау органдарының тұрақты мониторингіне алынғаны да түсіндірілді. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етудің бір жолы.

Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар өзге де әлеуметтік мәселелер, құжат рәсімдеуге қатысты сұрақтар мен өтініштерін жеткізді. Барлық азаматтарға жеке-жеке жауап беріліп, заң аясында кеңес ұсынылды. Кейбір күрделі мәселелер хаттамаға енгізіліп, партия тарапынан әрі қарай бақылауға алынатын болды.

Кездесу соңында қатысушылар осындай ашық әрі еркін форматтағы диалог алаңына мүмкіндік бергені үшін партия мен басқарма өкілдеріне алғыстарын білдірді. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметтерге деген сенімін де нығайта түсетіні анық.

 «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асырылып жатқан «Құқықтық кеңес» жобасы – тұрғындарға құқықтық көмек көрсетумен қатар, әлеуметтік әділеттілік принциптерін ілгерілететін тиімді құрал. Бұл жоба билік өкілдерінің халықпен бетпе-бет жүздесіп, ашық әңгіме құруына, сол арқылы жергілікті мәселелерді жүйелі түрде шешуіне жол ашып отыр.

Алдағы уақытта да мұндай қабылдаулар өз жалғасын тауып, халық пен билік арасындағы кері байланыстың нақты тетігіне айналады деп күтілуде. Бұл – «тыңдайтын мемлекет» қағидатының іске асуының айқын дәлелі.

Leave a reply