Еңбек адамы – ел дамуының тірегі

0
39

Нағыз кәсіби мамандар қашанда құрметке лайық. Экономиканың дамуы, қаладағы ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі, өндірістегі қауіпсіздік пен сапаның сақталуы – барлығы да еңбек адамдарының жауапкершілігі мен маңдай терінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еңбек адамының мәртебесін көтеру, олардың еңбек жағдайын жақсарту және кәсіби мамандарды қолдау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін нақты атап көрсеткен болатын. Бұл бағыт бүгінгі күні көптеген өндіріс ошақтарында жүзеге асып келеді. Солардың бірі – Кентау трансформатор зауыты.

Кентау трансформатор зауыты – еліміздің энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен электр жабдықтарын шығаратын еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыттың әрбір цехында жүздеген жұмысшы күні-түні еңбектеніп, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өндіреді. Өндіріс үдерісі үздіксіз жүруі үшін тек дәнекерлеуші немесе токар ғана емес, барлық инженерлік желілердің сақадай сай болуына жауап беретін мамандар да ауадай қажет. Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген тәжірибелі маман – сантехник Асқар Дүйсенбеков.

Асқар Дүйсенбеков бұл зауытта 22 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол кәсіпорынның инженерлік жүйелерін бес саусағындай меңгеріп, кез келген ақауды дер кезінде анықтап, жедел жөндей алатын шебер мамандардың біріне айналған. «Осы зауытта жұмыс істеп жатқаныма 22 жыл болды. Слесар-сантехник болып қызмет етемін. Зауыттың су құбырлары, кәріз жүйелері, желдеткіштері – бәрі біздің қарауымызда. Жұмысымыз таңғы сегізден кешкі беске дейін. Кейде апаттық жағдайда кешігіп қалатын кездер болады. Бірақ өз жұмысымды жақсы көремін, өйткені еңбегімнің нәтижесін көру – үлкен қуаныш», – дейді ол.

Өндіріс орнында инженерлік-коммуникациялық жүйелердің өз уақытында жұмыс істеуі – ең маңызды талаптардың бірі. Себебі бір ғана құбырдағы ақау немесе қысымның төмендеуі бүкіл цехтың жұмысын баяулатып, өндіріс процесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Асқардың еңбегі – дәл осы тәуекелдердің алдын алу, жүйені бақылау, қажет болған жағдайда тәулік мезгіліне қарамастан ақауды жою. Өз мамандығына адалдық, уақытпен санаспай атқарылатын жұмыс, тәжірибе мен ықтияттылық – оның басты ұстанымдары.

Зауыт басшылығы инженерлік қызметтің маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасап, арнайы жабдықтар мен құрал-саймандарды үздіксіз жаңартып отырады. Еңбек қауіпсіздігі – кәсіпорынның басым бағыттарының бірі. Әрбір жұмысшы арнайы қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік техникасы бойынша тұрақты нұсқаулықтан өтеді. Бұл – Президент атап көрсеткен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының нақты жүзеге асуы.

Асқар секілді мамандардың еңбегі көбіне көзіне көрінбесе де, олардың жұмысы тұтас өндіріс жүрегінің соғуын қамтамасыз етеді. Жүйенің тоқтаусыз жұмысы – сапалы өнімнің шығуы, ал сапалы өнім – ел экономикасының дамуына қосылған үлес. Сондықтан еңбек адамы – қоғамның ең құнды капиталы.

Қарапайым, бірақ өте жауапты мамандық иелері – мемлекеттің өндірістік дамуындағы іргетас. Кентау трансформатор зауыты осындай мамандардың арқасында жұмысын тоқтатпай, нарықта өз орнын нық ұстап келеді. Жылдар бойы қалыптасқан еңбек дәстүрі, адалдықпен атқарылған жұмыс және кәсібіне деген құрмет – Асқар Дүйсенбеков сияқты еңбек адамдарын өзгелерден ерекшелендіріп тұрады.

Ел Президенті айтқандай, «еңбек адамының еңбегі – елдің тірегі». Кентау трансформатор зауытында дәл осы тіректі ұстап тұрған қарапайым жұмысшылардың еңбегі өлшеусіз. Олардың әрқайсысының маңдай тері, тәжірибесі мен жауапкершілігі – кәсіпорынның да, жалпы өңірдің де дамуына үлес қосып отыр.

Leave a reply