ЕҢБЕК АДАМЫ – ӨНДІРІCТІҢ ӨЗЕГІ

0
64

Ел ішінде елеусіз жүріп, көпшілік үшін қажымай еңбек ететін жандар бар. Сол қарапайым еңбек адамдарының өмірлік тәжірибесі, маңдай тері мен адалдығы арқасында тұтас бір шағын қала да, үлкен өндіріс те тыныстап тұр. Кентау трансформатор зауыты – осындай еңбек адамдарының қолтаңбасы айқын көрінетін кәсіпорын. Бүгінде зауытта алты бірдей цех жұмыс істейді, әр бөлім өз міндетін мінсіз атқарып, еліміздің энергетика саласына қажетті өнімдерді шығаруға үлес қосып келеді. Бұл өндірісте қандай технология қолданылса да, оның артында кәсібін сүйетін, өз ісіне берілген мамандар тұратыны сөзсіз.

Осындай еңбек адамдарының бірі – он жылдан бері электромонтер болып қызмет атқарып келе жатқан Алмас Үмбетов. Ол – зауыттағы электр жүйелерінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жауапты маман. Алмас күн сайын электрлі қозғалтқыштарды қабылдап, оларды ақаудан тазартып, қайта қалпына келтіреді. Кейде күрделі трансформаторлар да түгелдей тексерістен өткізіледі. «Электрлі қозғалтқыштар келеді, оларды жөндейміз. Трансформаторларды тексеріп, жұмысқа жарамдылығын қараймыз. Техникалық қауіпсіздік бізде ең бірінші орында», – дейді ол.

Электромонтердің жұмысы – өндірістің ең күрделі бағыттарының бірі. Бір ғана кішкентай ақау бүкіл жүйені тоқтатуы мүмкін, ал бұл зауыттағы жұмысқа үлкен кедергі. Сондықтан электр жүйесіндегі әр бөлшек, әр сым, әр қозғалтқыш мұқият тексеріліп, реттелуі тиіс. Алмас бұл міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Ол үшін кәсіби тәжірибеден бөлек, дәлдік, жылдамдық және қауіпсіздік талаптарын толық меңгеру қажет.

Кентау трансформатор зауыты – тек өндіріс орны ғана емес, ондаған жылдар бойы қалыптасқан еңбек мәдениетінің көрсеткіші. Мұнда еңбек адамының қадірі ерекше. Қызметкерлерге техникалық қауіпсіздік бойынша тұрақты оқу, арнайы жабдықтар, қорғаныс құралдары беріледі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан еңбек қауіпсіздігін күшейту, еңбек құндылығын арттыру бағытындағы нақты іске асып жатқан шаралардың бірі.

Президент Жолдауында: «Еліміздің дамуы еңбек адамының кәсібилігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Қарапайым жұмысшының орны – қоғамның ең жоғары бағасына лайық» деп атап өтілген. Бұл сөздер дәл Алмас сияқты мамандарға арналғандай. Себебі өндіріс тоқтамай жұмыс істеп, зауыт өнімдері сұранысқа ие болуы – олардың күнделікті еңбегінің нәтижесі.

Көпшілікке көрінбей, өз жұмысын үнсіз атқарып жүрген адамдар бар. Бірақ олар болмаса, тұтас өндіріс процесі істемей қалатыны анық. Кентау трансформатор зауытындағы әр цех, әр жабдық, әр механизм – еңбек адамының қолымен жасалған өміршең жүйе. Алмас Үмбетовтің еңбегі соның бір дәлелі. Ол өз кәсібіне адалдық танытып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді.

Елдің өндіріс саласын алға жылжытатын да, техниканы сөйлететін де – дәл осындай мамандар. Олардың еңбегі – қаланың экономикалық тынысын ұстап тұрған тетік. Жұмыс орындарындағы жауапкершілік пен адалдық – бүкіл қоғамның дамуына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету – елдің болашағын бағалау.

Leave a reply