ОРДАБАСЫ: КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ТӨРТКҮЛ МЕН ҚАРАҚҰМДА ӨТТІ

Ордабасы ауданында халықпен ашық диалогты күшейту, жергілікті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешу мақсатында өткізілетін есепті кездесулер жалғасын табуда. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Төрткүл және Қарақұм ауыл округтерінде болып, тұрғындармен кезекті кездесу өткізді. Жиын барысында ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалып, әр округтегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Кездесу алдымен Төрткүл ауыл округінде өтті. Округтің биылғы бюджеті 135 млн 466 мың теңгені құрап, өзіндік кірістер 98,3 млн теңгеге артқан. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 14 мәселенің 6-ы шешіліп, 8-і бақылауға алынды. Қазіргі таңда Нұра ауылына балалар ойын алаңшасы салынып, Ақсары ауылында көшелерге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ақсары, Спатаев және Төрткүл ауылдарында ойын алаңшаларын орнату, ауызсу жүйелерін жаңарту, «ҚазПочта» бөлімшесінің жылыту жүйесін ретке келтіру, Нұра ауылына көше жарығын орнату, ішкі көшелерге тас төсеу жұмыстары секілді жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Су үнемдеу технологиясы да ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда — биыл 168 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі енгізілді. Агроөнеркәсіп саласына 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, округке 26 жаңа техника және шағын мал қоралар алынған. Электрмен қамтамасыз ету бағытында Көкарал елді мекеніндегі трансформатор мен желілер жаңартылып, тағы 3 елді мекендегі 6 көшеде электр желілерін жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүруде. Табиғи газбен қамтуға қатысты Жайылма, Арыстанды және Ақсары ауылдарында құрылыс аяқталуға жақын, жыл соңына дейін газ қосылады деп жоспарлануда.
Ауызсу инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Қызылжар елді мекенінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Төрткүл және Көкарал–Еңбекші бағытындағы ауызсу жүйесін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Білім саласында Елшібек батыр ауылында 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлініп, биыл округте 3 000-нан астам адам қатысқан сенбіліктер ұйымдастырылып, 15 техника жұмылдырылды. 2 200 көшет отырғызылды.
Келесі кездесу Қарақұм ауыл округінде жалғасты. Биыл округ бюджеті 96,02 млн теңгені, өзіндік кірістер 13,564 млн теңгені құрап отыр. Жыл басынан тұрғындар көтерген 4 мәселенің 3-еуі шешілген. Ауылдағы “Құрманбек” каналының 3,5 шақырымы және Р-7 каналдың 2 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Су үнемдеу технологиясы 28 гектар жерге енгізілді. Агроөнеркәсіпті дамытуға 95 млн теңге инвестиция тартылып, шағын мал қора және 4 техника сатып алынды. Ауылда ашық футбол алаңының құрылысын жалғастыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі қаралуда.
Кездесу барысында тұрғындар ауызсу, тротуар, жолдарды асфальттау, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, балалар ойын алаңшалары, санитарлық тазалық, ветеринария, ағын су тарифі және ономастика сынды мәселелерді көтерді. Аудан әкімі әр бағыт бойынша тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Бұл кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асырылуының бір көрінісі болды. Аудан басшысы тұрғындардың ұсынысын тыңдап, әр проблеманы бірге талқылап, нақты шешім қабылдау — жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатынын атап өтті. Осындай ашық форматтағы жиындар тұрғындардың пікірін ескеріп, өңірді ортақ күшпен дамытуға мүмкіндік береді.
Жиын соңында Азат Оралбаев қоғамдық жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтіп, ауылдың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына әр тұрғын атсалысуы қажет екенін айтты. Аудан әкімі қоғам мен билік бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана ауылдардың келешегі жарқын болатынын жеткізді.













