«Еңбек адамы – жаңа Қазақстанның тірегі»

0
50

Кентауда еңбек майталмандарының қатарында электр жүйесі мамандарының орны ерекше. Әсіресе қосалқы подстанция қызметінің жедел көшпелі бригадасы – қаланың жарықсыз қалмауын қадағалайтын негізгі күш. Тұрғындарға үздіксіз электр қуатын жеткізу – бұл тек күнделікті жұмыс емес, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ететін аса жауапты міндет. Қай мезгілде болмасын жарықтың сөнбеуі, электр жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі – осы мамандардың уақытпен санаспай атқаратын еңбегінің нәтижесі.

Электромонтер еңбегі – тәуекелі жоғары сала. Бір ғана ақаудың дер кезінде анықталмауы үлкен апатқа ұласып, қаладағы мыңдаған отбасының тыныс-тіршілігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл жұмыста жылдамдық, тәжірибе және қатал тәртіп – негізгі қағида. Кез келген шақыртуға шұғыл шығу, күннің ыстығы мен аязында, жаңбыр мен боранда, тіпті түннің ортасында да жұмыс істеу – осы мамандықтың табиғаты. Электр желісіндегі ақауды қалпына келтіру – көпшілік байқамайтын, бірақ қоғамға аса қажет еңбек.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы осы салада абыроймен еңбек етіп келе жатқан Оразәлі Жаппарұлы – сол жедел бригаданың тәжірибелі мамандарының бірі. «1998 жылдан бастап осы саладамын. Қызметіміз 8 подстанцияға қараймыз. Әсіресе жаңбырлы маусымда жарық сөнудің алдын алуға тырысамыз. Бұл мамандық – бала күнгі арманым», – дейді ол. Арманын іске асырып, елге қызмет етуді өмірлік миссиясына айналдырған маманның еңбегі – бүгінгі жас буынға үлгі.

Қосалқы подстанцияның жұмысын қамтамасыз ету – жай ғана жөндеу емес. Әрбір тетік, әрбір кабель, әрбір трансформатор тұрақты бақылауды қажет етеді. Қауіп-қатерден ада, сапалы электр қуатының тұрғындарға үздіксіз жетуі – осы мамандардың көзге көрінбейтін тындырымдылығы мен кәсібилігінің арқасы. Қаладағы жүздеген кәсіпорын, мекеме, әлеуметтік нысанның жұмысы да олардың қолға алған міндетіне тәуелді. Электр жүйесінің тоқтап қалуы – өндірістің де, шағын бизнестің де, тұрмыс тіршілігінің де кідіріп қалуы. Сондықтан бұл саланың жауапкершілік жүгін тек кәсібіне адал мамандар ғана көтере алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еңбек адамының мәртебесін арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Президент: «Еліміздің дамуы қарапайым жұмысшылардың жауапкершілігі мен кәсібилігіне тікелей байланысты. Еңбек адамы – жаңа Қазақстанның тірегі», – деген еді. Бұл сөздер Кентаудағы электршілер еңбегінің маңызын дәл айқындайды. Халықтың игілігі үшін тынбай еңбек ететін жандардың еңбегі мемлекет назарында екенін сезіну – олардың жұмысқа деген ынтасын да күшейтеді.

Қаланың әр шағынауданында шамның жанып тұруы, өндірістің тоқтамай жұмыс істеуі, әр үйдің жылуы мен жарығы – Оразәлі Жаппарұлы секілді мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Еңбегі еленбейтіндей көрінгенімен, олардың жұмысы – қаланың тыныс-тіршілігін ұстап тұрған басты тетік. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін, жауапкершілікті серік еткен, қоғам үшін тер төгетін еңбек адамдары – шын мәнінде өмірдің тынысын кеңейтушілер.

Кентаудың электр жүйесін қауіпсіз әрі тұрақты ұстап тұрған мамандардың еңбегі – бүгінгі қоғам үшін баға жетпес құндылық. Осындай адалдықпен, тиянақтылықпен қызмет етіп жүрген жандардың арқасында қала да, ел де дамып келе жатыр. Еңбек адамын құрметтеу – елдің ертеңін құрметтеу.

Leave a reply