ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

Кентау қаласының инфрақұрылымын үздіксіз жұмыс істетіп тұрған негізгі салалардың бірі – коммуналдық қызмет жүйесі. Бұл саланың артында күнделікті көрінбейтін, бірақ қала өмірінің тынысын қамтамасыз етіп жүрген еңбек майталмандары бар. Солардың бірі – Кентау Сервис коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жөндеу цехы басшысының міндетін атқарушы Асқар Жақсыбаев. Ол 2012 жылы қарапайым 3-ші дәрежелі слесарь болып жұмысқа кіріп, бүгінгі таңда үлкен ұжымды басқарып отырған тәжірибелі маманға айналды.
Асқар Жақсыбаев басқаратын Жөндеу цехы – Кентау Сервис мекемесінің ең маңызды бөлімдерінің бірі. Мұнда 21 адам еңбек етеді. Бұл мамандардың міндеті – қалаға жылу беретін жүйелердің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Қазандықтарды жөндеу, дәнекерлеу, токарлық жұмыстар, әртүрлі техникалық ақауларды қалпына келтіру – олардың күнделікті айналысатын шаруасы. Бұл қызметтің маңызы ерекше, себебі қыстың қақаған аязында бір ғана ақаудың өзінде мыңдаған тұрғынның үйі суып, қаланың бүкіл жылу жүйесінің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.
«2012 жылы осы мекемеге жұмысқа кірдім. Алғашында 3 дәрежелі слесар маманы болып қызмет еттім. Қазір Жөндеу цехының басшысымын. Біздің жұмыстың негізгі бағыты – жылу орталығындағы қазандықтарды жөндеу, дәнекерлеу, токарлық жұмыстарды атқару. Цехта 21 адам еңбек етеді. Ұжымымыз өте тату, әркім өз ісінің шебері. Өз жұмысым өзіме ұнайды», – дейді Асқар Жақсыбаев.
Коммуналдық салада еңбек ету – жай ғана жұмыс емес, ол – жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды міндет. Тәуліктің кез келген уақытында апатты жағдай орын алса, ең бірінші шақыртуға келетін де осы мамандар. Жөндеу цехының қызметкерлері жылу маусымына дайындық кезеңінде айлап тынымсыз жұмыс істеп, қыста халық орталық жүйемен жылуды үздіксіз алуы үшін бар күшін салады.
Қала тұрғындары үйлері жылы болып, әлеуметтік нысандар мен мектептер тоқтаусыз жұмыс істеп тұрса – бұл осы еңбек адамдарының үнсіз еңбегінің нәтижесі. Бүгінде Кентау Сервис ұжымы жылу жүйесін жаңғырту, ескі желілерді ауыстыру, қосалқы құрал-жабдықтарды жөндеу арқылы қаланың коммуналдық қауіпсіздігін күшейтіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру қажеттігін ерекше атап өткен еді. Президент: «Ел экономикасын алға жылжытатын – қарапайым жұмысшылардың адалдығы мен кәсібилігі. Еңбек адамы әрдайым құрметке лайық», – деген болатын. Бұл сөздер Асқар Жақсыбаев сияқты мамандарға тікелей қатысты. Олар – көзге көп көрінбейтін, бірақ қоғам үшін ерен еңбек етіп жүрген жандар.
Кентау қаласының жылу жүйесі, тұрғын үйлердің жылы болуы, қала тіршілігінің тоқтамауы – осы жандардың біліктілігі мен маңдай теріне байланысты. Жөндеу цехы қызметкерлерінің еңбегі – қаланың қалыпты өмір сүруіне қажет тізбектің негізгі буыны.
Еңбек еткен жылдарында қарапайым жұмысшыдан бөлім басшысына дейін өскен Асқар Жақсыбаевтың еңбек жолы – табандылық пен адалдықтың айқын көрінісі. Осындай еңбек адамдарының арқасында Кентау қаласы дамып, тұрғындарының тұрмысы жақсарып келеді. Еңбек – елдің тірегі екенін дәлелдеп жүрген әр маман құрметке әбден лайық.












