Еңбек адамы әрдайым құрметке лайық

Елімізде 2024 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, мемлекет еңбек адамының мәртебесін көтеруге басымдық беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Ел экономикасының негізін құрайтын – қолымен іс тындыратын, күнделікті өмірді қамтамасыз етіп жүрген қарапайым жұмысшылар. Еңбек адамы әрдайым құрметке лайық» деген еді. Бұл сөздер бүгінгі қоғамның шынайы тірегін айқындап тұр.
Осы еңбек майталмандарының қатарында Оңтүстік жарық транзит мекемесінің тәжірибелі электр маманы Дархан Сыздықов та бар. Ол 2007 жылдан бері жарық беру саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Алғашында контролер болып кіріп, уақыт өте біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында апаттық қызметтің маманына айналды. Тұрғындардың жарықсыз қалмауы, кез келген ақауды дер кезінде анықтап, қалпына келтіру – оның күнделікті жұмысының басты бөлігі.
«2007 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Басында контролер болып кіргенмін. Қазір авариялық қызметте істеймін. Оңай жерде нан жоқ, барлық салада өз қиындықтары болады», – дейді тәжірибелі маман.
Шын мәнінде, электр мамандарының жұмысы – тәуекелді әрі аса жауапты қызмет. Бір сәттік қателік немесе немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау – бұл саладағы басты талап. Дархан Сыздықов та осы ережелерді мүлтіксіз орындап, жылдар бойы талай апатты жағдайды алдын алған, тұрғындардың жарықсыз қалмауы үшін күндіз-түні еңбек етіп келеді.
Электр жүйесінің қызметкерлері көбіне тасада жүретін, еңбегі көзге көп көрінбейтін мамандардың бірі. Бірақ қаланың әрбір үйінде шамның жануы, кәсіпорындардың тоқтап қалмауы, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі – олардың еңбегінің нақты нәтижесі. Қарапайым адамдар көрмейтін жұмыстардың барлығы дәл осындай мамандардың арқасында атқарылады.
Оңтүстік жарық транзит мекемесінің мамандары – қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп тұрған негізгі күш. Олар қиындығы мол, тәуекелі жоғары қызметті атқара жүріп, өз міндетіне адалдықпен қарайды. Энергетика саласы – ел экономикасының маңызды бөлігі, ал бұл саланың өзегінде – Дархан Сыздықов секілді еңбекқор азаматтар.
Жұмысшы мамандықтар жылының басты мақсаты – ел экономикасына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу, олардың еңбегін бағалау. Дархан сынды мамандардың тынымсыз еңбегі – қаланың жарығы, қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі.
Еңбек адамы – елдің тірегі. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы қоғамның дамуына жол ашады.













