ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТУРИЗМ АСТАНАСЫ АТАНУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ 40-ТАН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТЕДІ

0
116
Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атанды. Осы мәртебеге орай бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалымен өткен аппарат отырысында кеңінен талқыланды. Өңір басшысы облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысына бұл бағытта нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Емдік-сауықтыру орындарын орналастыру жоспарын реттеу, су көздерін зерттеу жұмыстарын атқаруды тапсырды.
– Туризмді дамыту мәселесін тұрақты қадағалап отырамыз. Саяхатшылар санын көбейту бойынша жұмысты күшейтіңіздер. Түркістан туризм астанасы атанғанын білесіздер. Іс-шаралар мазмұнды әрі сапалы болуы тиіс. Өңірдегі минералды және емдік су көздерін зерттеу жұмысын жеделдету керек. Бұл да туризм саласын дамытуға серпін береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы тарапынан «Түркістан облысының туризм саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленген. Бағдарлама әзірлеу барысында облысымыздың туристік қызмет саласына талдау жұмыстары, сонымен қатар туризм саласының қазіргі жағдайына SWOT-талдаулар жүргізілді. Талдау жұмыстарында туризм саласындағы шетелдік және отандық тәжірибе ескерілді және 2024-2028 жылдарға тиісті нысаналы индикаторлар белгіленіп, іс-шаралар жоспары әзірленді. Бағдарламаның негізгі мақсаты –келуші туристер санын арттыру, облыстың туристік әлеуетін жоғарылату, туризм саласында инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптастыру. Іс-шаралар жоспары аясында өңірге келуші туристер санын 2028 жылға дейін 1 млн. адамға жеткізуді, ал біркүндік келушілер санын 2028 жылға дейін 2,5 млн. адамға жеткізу жоспарланып отыр. Басқарма басшысы іс-шаралар жүзеге асатын 4 тармаққа ерекше тоқталды. Атап айтқанда, облыстың туристік әлеуетін арттыру, туристік салаға инвестициялар тарту, экологиялық туризмді дамыту, емдік-сауықтыру туризмін дамыту.
15 наурызда туристік маусымның салтанатты ашылуын өткізу межеленген. Сонымен қатар жыл барысында гастрофестиваль, этнофестиваль, ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдар мен орталық мемлекеттік органдармен байланыс орнатылып бірлескен жобалар жүзеге асыру пысықталуда. Жалпы басқарма тарапынан 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылып өткізілмек. Сондай-ақ дәстүрлі түрде ұйымдастырылып өткізілетін халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері конкурсын тау туризмі маусымының ашылуына орайластырып, облыстың таулы аймағында өткізу жоспарлануда. Қатысушы мемлекеттер санын 20-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Leave a reply