Азаматтардың тілегі орындалып, елдімекеннің дамуына жаңа серпін берілді

0
61

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті жұртшылық ұзақ жылдар бойы күткен қуанышты сәтке — «Қарабастау» тұрғын алабын табиғи газға қосу рәсіміне қатысты. Шамамен 9 мың тұрғыны бар бұл елдімекен бұған дейін көгілдір отынның игілігін көре алмай келген еді.

Тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтерілген бұл мәселе қалалық әкімдіктің, энергетика саласындағы мамандардың және мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысының арқасында шешімін тапты. Нәтижесінде 1408 үйге орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігі беріліп, елдімекеннің тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсармақ.

— Бұл жай ғана техникалық жұмыс емес. Бұл – халықтың өмір сапасын арттыратын, тұрмыстық жайлылықты қамтамасыз ететін, қауіпсіздікті күшейтетін маңызды қадам. Қарабастау тұрғындарына қуаныш сыйлаған барша мамандарға алғыс айтамын, — деді қала әкімі.

Көгілдір отынның келуі тек тұрмыстық деңгейде ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Тұрғындар енді көмір мен отынға кететін шығынды үнемдеп, уақытын да үнемдей алады.

Сапар барысында шаһар басшысы заманауи жылжымалы ДЛС-АВТО («Пергам») зертханасының жұмысымен де танысты. Бұл озық технология жерді қазбай-ақ, қашықтықтан жер асты газ құбырларының жағдайын бақылап, ақауларды дәл анықтауға мүмкіндік береді. Лазерлік детекторлар 60 метрге дейінгі қашықтықтан газдың көзге көрінбейтін ең ұсақ шығуын анықтай алады.

Мұндай жүйе апаттың алдын алып, газ желілерінің қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереді. Шымкент қаласында алғаш енгізілген бұл технология алдағы уақытта инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етпек.

Бұл — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Қарабастау тұрғындарының көптен бері айтқан өтініші ескеріліп, қысқа мерзімде шешімін тапты. Енді бұл аймақтың дамуы жаңа қарқынмен жалғасады.

Leave a reply