Шымкентте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды акция өтті

0
30

 «Тазалық – иманның жартысы» дейді халқымыз. Осы ұстанымды негізге алған Шымкент қаласы тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өткен тазалық акциясына белсене қатысты. Қала көшелері, аулалары мен қоғамдық орындары күл-қоқыстан аршылып, мегаполис жаңа келбетке ие болды.

Акцияға қала жастарының қосқан үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көптеген еріктілер мен студенттер экологиялық шараға атсалысып, табиғатты қорғаудағы жауапкершілігін көрсетті.

Шара барысында Шымкенттің барлық бес ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Әл-Фараби ауданындағы Терiскей шағынауданында №33, 35 және 37 тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтарға күтім жасалды. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет бірлесе еңбек еткен соң көпқабатты үйлер ауласы жаңа кейіпке енді.

Сондай-ақ Абай ауданында Ақжайық шағынауданындағы Асфендияров көшесінің бойы ретке келтірілсе, Еңбекші ауданында №30 мектеп аумағы тазартылды. Қаратау ауданындағы Нұртас шағынауданында Кеңжарық және Құлагер көшелері күл-қоқыстан аршылып, Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты үйлер аулалары абаттандырылды.

Тазалық акциясына қатысушылардың пікірінше, мұндай шаралар тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттыруға септігін тигізеді.
— Табиғат – бізге аманат. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы – келешек ұрпақ алдындағы борышымыз. Сондықтан әр тұрғын осындай игі бастамаларға үлес қосуы керек, – дейді белсенді азаматтар.

Жалпы алғанда, қала тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесін көріп отыр. Экологиялық мәдениет қалыптасып, халықтың табиғатты аялауға деген ықыласы күн санап артуда. Мұндай бастамалар тек қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, көршілер арасындағы сыйластық пен өзара түсіністі нығайтуға да ықпал етеді.

Leave a reply