ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

0
55

Шымкент қалалық «AMANAT» партиясы филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, фракция мүшесі Бөкейхан Әбішев «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Бұл кездесу елімізде жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сай өтіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін ашық айтуына мүмкіндік берді.

Қабылдау барысында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын мектепке дайындауда кездескен қиындықтарын жеткізді. Депутат олардың жағдайына бейжай қарамай, «Балаларды мектепке дайындайық» партиялық жобасы аясында өз қаражаты есебінен мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары мен қажетті жабдықтарды алып беруге көмектесті. Бұл – халық пен билік өкілдерінің өзара ынтымақтастығының нақты көрінісі.

Сондай-ақ қабылдау кезінде қала тұрғыны – зейнеткер, марқұм болған інісінің қызы балалар үйіне өткізіліп кеткенін айтып, оны өз қамқорлығына алуға жәрдем сұрады. Мәселенің Түркістан облысына қатысты екенін ескерген депутат облыстық білім басқармасымен дереу байланысып, өтініш иесін қабылдауға жазылуына ықпал етті. Әрі істің толық бақылауда болатынын түсіндірді. Бұл жағдай азаматтардың өтініш-шағымдарын назардан тыс қалдырмай, жедел әрекет ету – билікке деген сенімді арттыра түсетінін көрсетті.

Қабылдауға келген барлық азаматтар тиісті деңгейде көмек алып, ризашылықтарын білдірді. «AMANAT» партиясы әлеуметтік әлжуаз топтарға қолдау көрсету мен тұрғындардың мәселесін шешуде дәнекер болуды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырмақ.

Мұндай шаралар тек көмек көрсетумен шектелмей, тұрғындардың мемлекеттік саясатқа араласуына, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді бірге шешуге жол ашады. Әрбір азаматтың пікірі тыңдалып, ұсыныстары назарға алынуы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының шынайы орындалуының дәлелі.

Қорытындылай айтқанда, халықтың үнін есту, олардың мүддесін қорғау және өмір сапасын жақсартуға бағытталған мұндай кездесулер ел дамуының демократиялық негізін нығайтып, азаматтар мен билік арасындағы сенімді арттыра түседі.

Leave a reply