ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ: АЗАМАТТАРДЫҢ МҮДДЕСІ БІРІНШІ ОРЫНДА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын жүзеге асыруға нақты үлес қосты.
Жиынға партия өкілдерімен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган басшылары және аудан әкімдігінің жауапты мамандары қатысты. Бұл азаматтардың мәселелерін тікелей билік өкілдерінің алдында көтеріп, нақты шешім табуына мүмкіндік берді.
Қабылдауда тұрғындар негізінен жер, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау мен құқықтық сипаттағы түйткілдерін ортаға салды. Мәселен, Нұрсәт шағын ауданының І топ мүгедегі өзінің көлігіне бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, оны төлеуге шамасы жетпей отырғанын айтты. Ол айыппұл көлемінің артқанын бірнеше жылдан кейін білгенін, соның салдарынан есеп-шоттарын аша алмай жүргенін жеткізді. Депутат бұл мәселені мұқият тыңдап, прокуратура мен жауапты органдарға тапсырма беріп, бақылауына алды.
Сонымен бірге, көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтінің істен шығуына байланысты тұрғынның шағымы қаралды. Қызмет көрсетуші мекеменің келісім-шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны белгілі болды. Осыған байланысты Болатбек Нажметдинұлы тиісті басқармаға бір ай мерзімде жағдайды зерттеп, заң аясында нақты шешім қабылдауды тапсырды.
Жалпы қабылдау барысында 20-ға жуық азамат өз өтініштерін жеткізді. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тапса, бірқатары ұзақ мерзімді бақылауды қажет ететіндіктен арнайы хаттамаға енгізілді.
Бұл қабылдау азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысуының айқын көрінісі болды. Өйткені әрбір тұрғынның пікірі тыңдалып, оның негізінде мемлекеттік органдардың жұмысына түзетулер енгізілуде. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты дәл осылай – диалог пен ашықтық арқылы жүзеге асады.
«AMANAT» партиясы халықтың талап-тілегін тыңдауды, әлеуметтік мәселелерді шешуді және билік пен қоғам арасындағы көпір болуды басты міндет санайды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.













