Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалған жоқ

Шымкент қаласында халықтың талап-тілегін дер кезінде тыңдап, жедел шешу – қала әкімдігінің басты ұстанымдарының бірі. Бұл бағытта қаладағы партия филиалдары да тұрғындар көтерген мәселелерді бақылаусыз қалдырмай, нақты нәтижеге жеткізуде.
Мәселен, Тұран аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне №8 шағын ауданындағы №5 үйдің тұрғындары балалар ойын алаңшасындағы сынған және жарамсыз элементтердің қауіпті екенін айтып, жөндеу жүргізуді сұраған еді. Балалардың өміріне тікелей қауіп төндіретін бұл жағдайға байланысты филиалдың Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы мәселені аудан әкімдігіне жеткізетінін хабарлады.
Қысқа уақыт ішінде жауапты мекеме – Тұран КММ ойын алаңшасына мамандар жіберіп, сынған құрылғыларды ретке келтірді. Кемшіліктер жойылып, балалар үшін қауіпсіз орта жасалды. Нәтижесінде тұрғындардың өтініші толық қанағаттандырылып, мәселе оң шешімін тапты. Бұл – билік пен халық арасындағы ашық диалогтың нақты нәтижесі.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының қалалық филиалы ғимаратында өткен кезекті қоғамдық қабылдау барысында Алтын орда шағын ауданы, Ана тілі көшесінің тұрғындары да өз өтінішін жеткізді. Олар көшелеріне абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бұл ұсыныс назардан тыс қалмай, аудан әкімі Алмас Емелтайұлы мен Қаратау аудандық партия филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы тұрғындармен бірге талқылап, нақты шешім қабылдады. Нәтижесінде Алтын орда шағын ауданындағы №139 жалпы орта білім беретін мектеп маңында аллея салу жұмыстары басталды. Қазір абаттандыру қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бұл мысалдар «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының өміршеңдігін дәлелдейді. Азаматтар өз өтінішін ашық айтып, тікелей билік өкілдерімен пікір алмасуға мүмкіндік алып отыр. Ал мемлекеттік органдар мен партия филиалдары халықтың ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, оны жүзеге асыруда нақты істер атқаруда.
Осылайша, әрбір тұрғынның үнін ескеріп, ортақ шешімге келу арқылы қоғам мен билік арасындағы сенім нығая түсуде. Бұл – азаматтардың саяси шешім қабылдауға қатысуына жол ашатын, қоғам дамуына серпін беретін маңызды қадам.












