
Кентау қаласында ерекше әдіспен дайындалатын «Ayran» сүт өнімі өндіріле бастады. Жобаның авторы – жас кәсіпкер Жеңісхан Әлмаханов. Ол шетелде жинаған тәжірибесін елге оралып, кәсіпкерлікке бағыттауды жөн санаған.
Іске қосылғанына небәрі екі ай болса да, өнімге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қазіргі таңда тәулігіне 200-300 құты «Ayran» сусыны шығарылып, Кентау мен Түркістан қалаларындағы дүкендерге жеткізілуде. Сонымен қатар, қажетті шикізаттар Алматы және Түркістан қалаларынан арнайы алдырылып отыр.
«Ayran» өнімі үш түрлі үлгіде дайындалады. Кәсіпкер алдағы уақытта арнайы цех ашып, сүт өнімдерімен қатар табиғи тәтті сусындар өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан да тапсырыстар қабылданып, фаст-фуд бағытындағы дәмханалардан сұраныс арта түскен.













