ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ҚАРАЛДЫ

Қазақстан қоғамында соңғы жылдары жер қатынастары мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Жер – ел дамуының стратегиялық ресурсы, халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Сондықтан азаматтардың осы саладағы өтініштері әрқашан назарда болуы тиіс.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруда. Жақында Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен жиында қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі жер кезегіне тұру және жер телімін алу төңірегінде сұрақтар қойды. Басқарма басшысы Азат Исламов бұл ретте нақты түсініктеме берді: Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу тоқтатылған. Бұл шешім заңнамалық тұрғыда қабылданған және барлық азаматтарға бірдей қолданылады.
Дегенмен, тұрғындардың көпшілігі мұндай өзгерістерді толық түсіне бермейді. Сондықтан қабылдау алаңы азаматтарға заңдағы нормаларды түсіндіру, құқықтық көмек беру тұрғысынан маңызды рөл атқарды.
Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны өзінің жер учаскесін заңдастыра алмай жүргенін жеткізді. Бұл – көптеген қала маңындағы елді мекендерге ортақ проблема. Жердің құжаттарын рәсімдеу кезінде заңдық сәйкессіздіктер, кадастрлық өлшеулердің қателігі немесе бұрынғы құжаттардың дұрыс болмауы секілді қиындықтар жиі кездеседі.
Азат Исламов мәселені мұқият қарап, шешу жолдарын түсіндіріп, нақты кеңес берді. Мұндай жекелеген жағдайлар билік пен халық арасындағы тікелей диалогтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді.
Шымкенттің өзінде соңғы бес жылда тұрғындардан жер теліміне қатысты 25 мыңнан астам өтініш түскен. Алайда қала статусы өзгергеннен кейін мұндай өтініштердің басым бөлігі қанағаттандырылмай отыр. Сондықтан түсіндіру жұмыстары мен заңдық кеңес берудің маңызы артып келеді.
Қоғамдық қабылдаулардың тағы бір артықшылығы – азаматтардың саяси шешімдерге араласу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тұрғындар өз сұрақтары арқылы мемлекеттік саясатқа ықпал етіп, шешім қабылдау процесінде қатысушыға айналады.
Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Азаматтар өз проблемаларын ашық айту арқылы билікке қоғамдық бақылау орнатып отыр.
Жер қатынастарына қатысты мәселелер – ел дамуының стратегиялық бағыты. Оларды шешу тек заң шеңберінде ғана емес, халықтың сенімін ескеріп, әрбір азаматтың құқығын қорғаумен де тікелей байланысты.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары осы тұрғыда тиімді алаңға айналып отыр. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, нақты жауап берілуде. Бұл – халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, ел азаматтарының саяси мәдениетін арттыратын маңызды қадам.












