АЗАМАТТАРҒА ТІКЕЛЕЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ

Елімізде азаматтардың өтінішін тыңдап, мәселесін шешуге бағытталған түрлі қоғамдық қабылдаулар халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың маңызды құралына айналып отыр. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуының айқын мысалы.
Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырды.
Қабылдауға партия филиалының атқарушы хатшысы Ербол Байқонысов, «Zangerler Palatasi» заң консультанты Нұрлан Мырзабай, Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және бақылау бөлімінің бас маманы Шолпан Досаева, сондай-ақ адвокаттар алқасының өкілі Бауыржан Мархабаев қатысты. Мамандар тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, әрбір өтінішке жан-жақты талдау жасады.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, несие төлемін өтеу, алаяқтардың арбауына түсу, сондай-ақ отбасылық даулар сынды мәселелерді көтерді.
Заң саласының тәжірибелі мамандары әрбір өтінішті мұқият қарап, нақты кеңес берді. Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапты. Ал қосымша тексеруді қажет ететін түйткілдер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 300 мыңнан астам азаматтық іс сотта қаралады. Оның ішінде 25%-ы отбасылық дауларға, 20%-ы несиелік міндеттемелерге, 15%-ы алаяқтыққа қатысты. Бұл сандар халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де жеткілікті деңгейде емес екенін көрсетеді.
Сондықтан «Құқықтық көмек» жобасы азаматтарға заңды түсіндірумен қатар, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға, болашақта мұндай қателіктерге жол бермеуіне ықпал етеді.
Қабылдау барысында тек жеке мәселелер ғана емес, сонымен бірге қоғамдық бақылау мен азаматтық белсенділіктің рөлі де талқыланды. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулерде халық өз пікірін ашық айтып, мемлекет саясатына жанама түрде араласады. Бұл – демократиялық қоғам құрудағы маңызды қадам.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары – қарапайым халықтың өтінішін тыңдауға арналған қолжетімді алаң. Әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмай, нақты шешімін табуға мүмкіндік берілуде.
Алдағы уақытта да мұндай жобалар жалғасын тауып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға қызмет ететін болады.













