Хирургиялық отаның барлық түрін жетік меңгерген маман

0
131

Онкологиялық, педиатриялық, урологиялық, практологиялық, травматологиялық сынды жалпы хирургиялық отаның барлық түрін меңгеру – дәрігер үшін үлкен кәсіби жетістік. Дәл осындай операцияның барлық түрін жетік меңгерген білікті маманның бірі – Ибрагим Ташев.
Ибрагим Ақжолұлы медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург, онколог, балалар хирургі. «Қазақстан Республикасы денсаулық ісінің үздігі», «Алтын дәрігер», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері.

Кәсібіне адалдық танытқан абзал жан 36 жылдан бері адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. И. Ташев 2018 жылдың шілде айынан бері қалалық денсаулық сақтау басқармасының №3-ші қалалық аурухананың басшылығына келіп, ұжымның қызметін республикалық деңгейге жеткізу бағытында жемісті қызмет етіп келеді.

Беделді хирург бүгінге дейін 13 000-ға жуық күрделі операция жасаған. Білікті маман республикалық медицина орталығында ауыр халдегі науқастарға ота жасап, оң нәтижелерге қол жеткізген. Тіпті бірнеше рет шет елдік әріптестерімен бірге ағза алмастыру оталарын жасап, еліміздің хирургиялық көмек көрсету деңгейін әлемдік дәрежеге көтеруде сүбелі еңбек етуде.

Ибрагим Ташевтің ғалым ретінде 120-дан астам ғылыми-тәжірибелік еңбектері және 10-ға жуық студент мен дәрігерлерге арналған әдістемелік құралдары жарық көрген. 20-дан астам жаңалықтар мен өнертапқыштық патенттердің авторы.

Leave a reply