ХАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

0
43

Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған түрлі бастамалар іске асырылып келеді. Соның айқын көрінісі – партиялық қоғамдық қабылдаулардың жүйелі түрде өтуі.

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерғали Білісбеков партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл іс-шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтті.

Кездесуге келген тұрғындар әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, құқықтық мәселелер және күнделікті өмірге қатысты басқа да түйткілдерін ортаға салды. Әрбір ұсыныс жеке қаралып, бірқатар мәселелер жедел шешімін тапты. Ал қосымша уақытты қажет ететін өтініштер хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта депутаттық сауал арқылы қаралатыны айтылды.

Қабылдау барысында ашық пікір алмасу өтіп, қоғамдағы әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігі, құқықтық сауаттылықты арттыру жолдары талқыланды. Ерғали Дәулетбекұлының айтуынша, халықтың көкейіндегі мәселелерді шешу – тек депутаттардың ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті.

Мұндай кездесулер халыққа заңдық тұрғыда дұрыс бағыт-бағдар беріп қана қоймай, азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білуіне ықпал етеді. Бұл – саяси мәдениеттің қалыптасуына да оң әсерін тигізеді.

Қабылдау аясында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Балаларды мектепке дайындайық» республикалық акциясы өтті. Оның шеңберінде 30-ға жуық оқушыға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табыс етілді. Бұл – халық қалаулысының әлеуметтік жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеген қадамы.

Ерғали Білісбеков алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде жалғастыратынын жеткізді. Бұл бастама халықтың билікке деген сенімін арттыруға, саяси шешімдерге азаматтардың араласуына жол ашуға және қоғамдағы өзекті түйткілдерді жедел шешуге ықпал етеді.

Осылайша, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары – билік пен халықты жақындастыратын, азаматтардың үнін ескеретін тиімді алаңға айналып отыр.

Leave a reply