ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ЖАҢАША САЯСАТ

«AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тікелей араласып келеді.
Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінгі күні ел ішінде нақты іске асуда. Қоғамдық қабылдауларда көтерілген мәселелердің дер кезінде қаралып, билік пен халық арасындағы ашық диалог орнауы – осы саясаттың басты нәтижесі.
Шымкент қаласында өткен кезекті қабылдау осының айқын көрінісіне айналды. «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Абзал Зейнетаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініш-шағымдарын тыңдады. Іс-шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында азаматтар әлеуметтік сипаттағы мәселелерін ашық жеткізді. Мәселен, жалғызбасты, зейнеткерлік жастағы тұрғын күнкөрістің қиындығын айтып, көмекке жүгінді. Бұл жағдайға бейжай қарамаған депутат мәселені назарға алып қана қоймай, жеке қаражаты есебінен бір реттік қаржылай қолдау көрсетті. Бұл – халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты әрекетке барудың бір мысалы.
Ал басқа тұрғындар электр энергиясына төлемдердің негізсіз артып кеткенін айтты. Бұл шағым қоғамда жиі көтерілетін түйткілді мәселе екені жасырын емес. Депутат бірден тиісті мекемелермен байланыс орнатып, жағдайды жан-жақты зерттеуді тапсырды. Сонымен бірге, түбіртектердегі артық төлемдерді қайта қарау бағытында жәрдем көрсетілетінін түсіндірді. Бұл – азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, биліктің шешім қабылдау үдерісіне халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ететін қадам.
Қабылдау кезінде жұмыссыз жүрген азамат та келіп, өз жағдайын ортаға салды. Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ: ол нақты жұмыс орнына бағытталып, еңбекке араласуына мүмкіндік берілді.
Азаматтардың әрбір өтініші партия тарапынан бақылауға алынды. Ең маңыздысы – тұрғындар өз мәселесінің ескерусіз қалмайтынына көз жеткізді. Бұл қоғамдық қабылдау форматы – елдегі саяси мәдениеттің жаңғыруына, халықтың өз құқығын қорғап, шешім қабылдау үдерісіне араласуына жол ашып отыр.
Жалпы алғанда, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай қабылдаулар тек жеке мәселелерді шешумен шектелмейді. Ол – елдің саяси жүйесін нығайтатын, азаматтық қоғамды қалыптастыратын маңызды тетік. Халық үніне құлақ асу – мемлекеттік органдардың ғана емес, саяси партиялар мен халық қалаулыларының да негізгі қағидатына айналып отыр.












