ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР – БАСТЫ НАЗАРДА

0
59

«AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етуде. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінгі таңда нақты іске асып келеді. Бұған дәлел – азаматтардың әлеуметтік мәселелерін тыңдап, оны шешуге бағытталған қоғамдық қабылдаулардың тұрақты өтуі. Бұл қабылдаулар тек жеке өтініштерді қараумен шектелмей, халықтың саяси шешімдерге қатысуының тиімді алаңына айналып отыр.

Осыған орай Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті кездесу өтті. Мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев «Құқықтық кеңес» жобасы аясында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі баспана, әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен, Нұрсәт шағын ауданының ІІ топ мүгедегі тұрғын үй кезегіндегі түйткілді жағдайын жеткізді. Бұл өтініш бойынша Қайрат Имашев депутаттық сауал жолдайтынын айтып, түсіндірме берді.

Көпбалалы аналар да өздерінің әлеуметтік жағдайына байланысты көмек сұрады. Олардың өтінішін назардан тыс қалдырмаған депутат жеке қаражаты есебінен мектеп жасындағы балаларға оқу құралдарын табыс етті. Бұл – халық қалаулысының тұрғындардың нақты қажеттілігін ескеріп, қолдау көрсеткенінің айқын көрінісі.

Ал денсаулығына байланысты қиындық көріп жүрген жұмыссыз азаматтың өтініші бойынша Қайрат Имашев тиісті мекемелерге хабарласып, оған толыққанды медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

Қабылдауда көтерілген әрбір мәселе партия тарапынан бақылауға алынды. Азаматтардың өтініштері бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілуде. Бұл – билік пен халық арасындағы байланыстың күшейгенін, тұрғындардың пікірінің есепке алынатынын дәлелдейді.

«AMANAT» партиясы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін назарда ұстап, оларды шешу жолында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыра береді. Халықтың әрбір шағымы – саяси шешімдер қабылдаудағы маңызды көрсеткіш. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулар ел ішінде азаматтардың пікірін ашық білдіруіне, олардың мемлекет ісіне қатысуына мүмкіндік беріп отыр.

Халық үніне құлақ асу – жаңа саяси мәдениеттің басты талабы. Ал азаматтардың өтініштерін тыңдап, оны шешу жолында нақты іс-әрекет жасау – елдің тұрақтылығы мен қоғамның сенімін арттыратын маңызды фактор. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары осы бағыттағы тиімді алаңға айналып келеді.

Leave a reply