Еңбекпен бақыттың басын иген жан

0
81

Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығы жылдан-жылға дамып, тұрғындар үшін табыс көзіне айналуда. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін азаматтар өз кәсібін дөңгелетіп, ауыл экономикасына да үлес қосып келеді. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Рашид Аминов. Ол 15 соттық жылыжайға қияр, 10 соттық жерге қызанақ егіп, жылына екі рет өнім алып отыр. Жылыжай кореялық үлгіде жабдықталған. Мұндай үлгі өнімді мол алуға, ауа райының қолайсыздығына қарамастан көкөніс өсіруге мүмкіндік береді.

Кәсіпкер 2018 жылдан бері қияр өсірумен айналысып келеді. Қазір жылына 25 тоннаға дейін қияр мен қызанақ жинап, өнімдерін Кентау қаласындағы сауда орындарына және ауыл дүкендеріне өткізеді. Сонымен бірге ауылдағы 5-6 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде Қарнақ ауылында жылыжай шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруақожалық бар. Олар түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өнім көлемін арттыруда.

Қияр – тек табыс көзі емес, денсаулыққа да пайдалы көкөніс. Оның 95 пайызы судан тұрады, бұл ағзаны ылғалдандыруға көмектеседі. Құрамында А, В, С дәрумендері, сондай-ақ калий, магний, темір сияқты пайдалы минералдар бар. Қияр ас қорытуды жақсартады, зат алмасуды реттейді, қан қысымын тұрақтандырады және жүрек-қан тамыр жүйесіне оң әсер етеді. Сонымен қатар ағзаны токсиндерден тазартып, бауыр мен бүйрек қызметін жақсартады.

Жылыжайда қияр өсірудің де өзіндік ерекшелігі бар. Ең алдымен құнарлы, ылғалды жақсы ұстайтын топырақ дайындалуы тиіс. Ауа райына төзімді, өнімділігі жоғары тұқым таңдалып, көшеттер алдымен бөлек ыдыстарға егіліп, кейін жылыжайға көшіріледі. Қияр ылғалды сүйетін өсімдік болғандықтан, тамшылатып суару әдісі тиімді саналады. Жылыжай ішіндегі температура 22-28 градус аралығында сақталуы қажет. Сонымен бірге зиянкестер мен аурулардан қорғау шараларын уақытылы жүргізу де маңызды.

Қарнақ ауылындағы жылыжай шаруашылығының дамуы ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік, ал жас кәсіпкерлер үшін үлгі болып отыр. Еңбектің еленіп, өнімнің өтімді болуы – дұрыс бағыттағы істің нәтижесі.

Leave a reply