
Кентау қаласының абаттандырылуына үлес қосып жүрген жандардың бірі – Тұрғанбаев Ілесбек Дүйсенұлы. Ол – өз ісіне адал, еңбекқор әрі кәсіби шеберлігімен көптің алғысына бөленіп жүрген нағыз еңбек адамы.
Еңбек жолын 2007 жылы электрдәнекерлеуші ретінде бастаған Ілесбек бүгінде «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде газоэлектродәнекерлеуші маман ретінде қызмет атқарып келеді. Ол – қаланың көркейіп, гүлденуіне тікелей еңбек сіңіріп жүрген аз ғана мамандардың бірі.
Ілесбек Дүйсенұлының күнделікті жұмысы – көрінбей қалатын, бірақ өте маңызды міндеттерді қамтиды. Ол қаланың көшелерінде орналасқан суару жүйелерін қалпына келтіру, аллеялар мен саябақтардағы су құбырларын жөндеу, мекемеге қарасты арнайы техника мен көліктерге техникалық қызмет көрсету жұмыстарын тиянақты атқарады.
Оның еңбегі қаланың тазалығы мен жасыл желектердің сақталуына, халықтың жайлы өмір сүруіне қызмет етуде. Әрбір ағашқа су жеткізу, әрбір саябақтағы инфрақұрылымды қалпына келтіру – оның тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Қаламызда осындай жауапкершілігі жоғары, кәсіби білікті мамандардың еңбегі арқылы күнделікті тіршілік қалпында жүріп жатыр. Бұл – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.
Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деген сөздің шынайы көрінісі.
Ілесбек секілді еңбек майталмандары – қаланың көркеюінің, дамуының нағыз жанашырлары. Олар ел ішіндегі тыныш тіршіліктің, таза көшелер мен жайқалған саябақтардың артында тұрған елеусіз, бірақ ерен еңбектің иелері.













