ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІ – БИЛІК НАЗАРЫНДА

0
39

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың өтініштері тыңдалып, олардың шешім табуына жол ашылды. Бұл жолы қабылдауды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүргізіп, «Құқықтық кеңес» партиялық жобасы аясында азаматтармен тікелей жүздесті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ бірқатар басқармалардың басшылары мен жауапты мамандары қатысты. Осындай кездесулердің ерекшелігі – тұрғындар тек мәселе көтеріп қана қоймай, оны шешуге тікелей қатыса алады. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының нақты көрінісі.

Азаматтардың көбі мәдениет, инфрақұрылым және баспанаға қатысты проблемаларды қозғады. Мәселен, Қайнарбұлақ елдімекенінен келген көпбалалы ана Г.Якубова қызына жұмыс табу мәселесін көтерді. Әкім орынбасары оның өтінішін назарға алып, заң аясында Жастар орталығы арқылы жұмыспен қамтуға қолдау білдірді. Бұл – мемлекеттік құрылымдардың халықпен серіктес бола отырып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ұмтылысының мысалы.

Ақтас шағын ауданының зейнеткер тұрғыны өз аумағында спорт алаңшасын салуды сұрады. Бұл ұсыныс жергілікті жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды. Әкім орынбасары мәселені шешу үшін Жер басқармасына арнайы зерделеу жүргізуді тапсырды. Егер заңдық кедергілер болмаса, тұрғынның бастамасы қолдау табатыны хабарланды. Бұл – азаматтардың идеялары мемлекеттік саясатқа ықпал ете алатынын көрсететін нақты мысал.

Сондай-ақ Бадам шағын ауданының тұрғыны шығармашылық еңбегін кеңінен насихаттау үшін көмек сұрады. Ол өзінің кітабын халыққа жеткізіп, жеке шығармашылық кеш өткізуді армандайтынын айтты. Әкім орынбасары бұған дейін оған кітапханада қолдау көрсетілгенін атап өтіп, кітап шығару ісін демеушілерді тарту арқылы шешуге болатынын түсіндірді. Бұл – азаматтық бастамалардың мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау табатынын дәлелдейді.

Қабылдауға келген барлық азамат өз сұрақтарына нақты жауап алды. Партия өкілдері мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді. Өйткені халықтың үнін есту – мемлекеттің басты міндеті.

Мұндай ашық диалог алаңдары қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып қана қоймайды, сонымен бірге әрбір азаматтың саяси шешім қабылдауға қатысуына жол ашады. Себебі тұрғындардың ұсынысы тыңдалған жерде әділеттілік орнайды, ал әділетті қоғам – тұрақты дамудың кепілі.

Leave a reply