ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ – САЯСИ ШЕШІМДЕРДЕ

0
47

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Талғат Ысқақов Асар-2 мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл жүздесу – халықтың пікірін ескеріп, олардың ұсыныстарын жергілікті деңгейде шешім қабылдауға енгізудің нақты көрінісі болды.

Кездесуде депутат өз қызметі мен алдағы жоспарларын таныстырып қана қоймай, тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдады. Азаматтардың басым бөлігі қоғамдық көліктің жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталған шақта маршруттық автобустардың сирек жүруі оқушылар мен жұмысқа баратын халық үшін үлкен қиындық туғызып отырғаны айтылды.

Сонымен бірге, қоқыс тазалау, көшелерді жарықтандыру және аумақты абаттандыруға қатысты ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Бұл мәселелердің барлығы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін және жергілікті басқару шешімдеріне дер кезінде енгізілуі тиіс маңызды тақырыптар.

Талғат Ысқақов әрбір көтерілген мәселені назарға алып, оларды шешу үшін тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді. Бұл қадам – азаматтардың үнін билікке жеткізудің және саяси шешім қабылдау процесіне халықтың өз қатысуын қамтамасыз етудің айқын көрінісі.

Мұндай кездесулер – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Әрбір тұрғын өз пікірін ашық жеткізгенде, билік сол ұсыныстарды шешім қабылдау барысында ескерсе, әділеттілік пен сенім артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – әділетті қоғам құрудың негізгі шарты. Әрбір азаматтың пікірі саяси процестерде өз орнын табуы тиіс».

Асар-2 тұрғындарының үнін тыңдау – олардың мәселесін шешудің бастамасы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елдің дамуына тікелей қатысуына жол ашатын маңызды қадам болып отыр.

Leave a reply