«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖАҢАТАЛАПТА ӨЗЕН СУЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ

0
59

Шымкент қаласының Жаңаталап елдімекенінде ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін өзекті мәселе талқыланды. «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің көшпелі отырысы барысында ауыл тұрғындары Бадам өзенін бетондау жұмыстарына алаңдаушылық білдірді.

Жиынға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңісбек Тұрғанов, Тұран аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев, Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов, аудандық әкімдік пен Төтенше жағдай департаментінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.

Қазір Жаңаталапты қиып өтетін Бадам өзенінің қапталын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның басты мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу. Алайда, тұрғындар бұл құрылыс өзен суын пайдаланып отырған ауыл шаруашылығына кедергі келтіруі мүмкін екенін алға тартты.

Жергілікті тұрғындардың бірі:
«Ұзақ жылдар бойы ауыл осы су арнасының шарапатын көріп келді. Енді құрылыс аяқталған соң бүтін бір ауыл сусыз қалғалы отыр. Қазірдің өзінде ағаштарымыз қурап жатыр», – деп алаңдаушылығын білдірді.

Мәселеге қатысты басқарма өкілі Мұрат Абдрахманов суды бұратын аумақтың жекеменшікке өтіп кеткенін айтты.
«Әлгі жерді мемлекетке қайтару бойынша көршілеріңізбен келіссеңіздер, біз тиісті жұмысты атқарып береміз», – деді ол.

Жиын соңында тараптар мәселені кезең-кезеңімен шешу жөнінде келісімге келді. Бұл жағдай – азаматтардың белсенділігі мен үнін билікке жеткізудің нақты мысалы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында:
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру – біздің басты міндетіміз. Әрбір азамат өз ұсынысын айтып, саяси шешімдерге қатысуға құқылы. Жергілікті деңгейдегі мәселелерді дер кезінде шешу – қоғамның сенімін арттырады», – деген болатын.

Жаңаталаптағы жиын дәл осы сөздің айқын көрінісіне айналды. Тұрғындардың ашық пікір білдіруі мен билік өкілдерінің тыңдауға дайын болуы – қоғамдағы сындарлы диалогтың бар екенін көрсетеді. Бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасып, халықтың мүддесі бірінші орынға қойылмақ.

Leave a reply