ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қоғамдағы әрбір азаматтың мәселесі мен өтінішіне бейжай қарамай, оларға дер кезінде қолдау көрсетуді мемлекеттік органдардың басты бағыты ретінде айқындап берген еді. Бұл бастама бүгінде партиялық жобалар мен қоғамдық қабылдаулар арқылы нақты жүзеге асып келеді.
Шымкент қаласында өткен кезекті қоғамдық қабылдау осының бір дәлелі болды. Қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Төрайым Сұлтанова партияның қалалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Кездесу «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік жағдайына, денсаулығына және тұрмыс-тіршілігіне қатысты өтініштерін жеткізді. Солардың бірі – Сәуле шағынауданының тұрғыны, зейнеткер А. Юсупова. Қарт ана үйінің жөндеу жұмыстарына қолдау сұрап келіпті. Оның жағдайына түсіністікпен қараған депутат өз демеушілігі есебінен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып беретінін айтты. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімнің артып келе жатқанын айғақтайды.
Ал Қайтпас-2 шағынауданының тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедек азамат ем-домға байланысты көмекке жүгінді. Оның өтініші назардан тыс қалмай, халық қалаулысы тиісті емхана басшылығына хабарласып, қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұл әрекет азаматтардың өз құқығын қорғап қана қоймай, мемлекеттік құрылымдар тарапынан тікелей жәрдем ала алатынын дәлелдейді.
Жалпы қабылдау барысында көтерілген барлық өтініштер мұқият тыңдалып, бірқатары сол мезетте шешімін тапты. Ал күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар тек жекелеген проблемаларды шешумен ғана шектелмей, қоғамдағы диалог мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың саяси шешімдерге араласу құқығын кеңейтуге жол ашады. Президент айтқандай, халықтың үнін тыңдайтын мемлекет – әділетті қоғам орнатудың басты кепілі.
«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен қабылдау – осы қағиданы жүзеге асырудың жарқын үлгісі. Тұрғындардың мұң-мұқтажы ашық айтылып, нақты іс жүзінде қолдау табуы – елде азамат пен билік арасындағы сенім артып келе жатқанын көрсетеді.













