
2013 жылдан бастап қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде Қазақстан Республикасында Отбасы күні атап өтіледі.
Қазақстандағы Отбасы күнінің басты мақсаты — елімізде адамгершілік ерлі-зайыптылықты насихаттау және руханиятты нығайту, отбасының мән-маңызын арттыру.
Бұл мереке халықтың репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау мәселелері бойынша хабардар болу деңгейін арттыру, сондай-ақ отбасылардың, әсіресе жас, көпбалалы, толық емес, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың отбасыларының мәселелеріне жалпы жұртшылықтың назарын аудару үшін құрылған болатын.
Былтырдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, апта бойы еліміздің өңірлерінде отбасы институтын нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға бағытталған мәдени, білім беру және әлеуметтік іс-шаралар өткізіліп келеді.
Мерекенің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты тереңдету. Бұл күн отбасылық татулық пен ұрпақтар сабақтастығының символына айналған.
Осы орайда, биыл Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығында» «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру» тақырыбында Отбасы күні аталып өтті.
Маңызды мереке абыз ақсақалдардың ақ батасымен бастау алды. Келелі кездесуде оқушыларға алдыңғы буын аға-апалар мағынасы мол ақыл-кеңестерін айтты. Бұдан бөлек, олар өмірлік өз тәжірибелері мен отбасылық құндылықтарын бүгінгі жас ұрпақпен бөлісе отырып, отбасының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндірді.
Аталған іс-шараға ауданымыздың «Ардагерлер ұйымының» төрағасы мен ардагерлері, аудандық Аналар кеңесінің «Ақ әже» тобы және мектеп оқушылары қатысты.
Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы әрі маңызды әлеуметтік орта. Дәл осы ортада адам алғаш рет махаббатты, сыйластықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты сезінеді. Қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің негізі – мықты әрі тату отбасы. Сондықтан мемлекет тарапынан отбасы институтын дамытуға, бала тәрбиесіне, ата-ана мәртебесін көтеруге баса назар аударылып келеді.












