Жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер: Enbek.kz порталы таныстырылды

Кентау қалалық Мансап орталығы жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Жақында орталық қызметкерлері қала жастары үшін арнайы кездесу өткізіп, Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы жаңа мүмкіндіктер мен енгізілген өзгерістер жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Кездесу барысында жастарға порталдың тиімділігі, ұсынылатын онлайн қызмет түрлері, жұмыспен қамту саласындағы жаңалықтар және өзекті ақпараттар кеңінен таныстырылды. Мамандар Enbek.kz платформасының жұмыс табу жолында, кәсіптік бағдар алуда және біліктілікті арттыруда үлкен көмек көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар, бұл платформа арқылы жастар тек жұмыс іздеп қана қоймай, кәсіптік оқуларға қатысып, мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен гранттар туралы да мәлімет ала алады. Жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату, резюмелерді онлайн жіберу, сұхбатқа шақыру сынды мүмкіндіктер порталдың басты артықшылықтарының бірі ретінде айтылды.
Enbek.kz – қазіргі еңбек нарығына бейімделгісі келетін жастар үшін маңызды цифрлық алаң. Бұл ресурс кәсіби бағдарды айқындауға, тұрақты жұмыспен қамтылуға және болашаққа сенімді қадам жасауға жол ашады.
Кентау қалалық Мансап орталығы алдағы уақытта да жастармен жүйелі кездесулер өткізіп, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды жалғастырмақ. Өйткені белсенді, білімді және еңбекке қабілетті жас буын – ел болашағының берік іргетасы.













