Кентау политехникалық колледжі – жұмысшы мамандықтардың орталығы

Елімізде жұмысшы кадрларды даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілуде. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынған іс-шаралар аясында Кентау қаласындағы Кентау политехникалық колледжі алдыңғы қатарлы білім беру мекемесі ретінде үлгі болуда. Осыған орай, жуырда аталған оқу орнында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Журналистер оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, білім беру бағыттарымен, студенттердің инновациялық жобаларымен және оқу-өндірістік процесімен танысты. Техникалық бағыттағы кәсіби мамандарды даярлайтын колледж бүгінде еліміздегі үздік оқу орындарының қатарында.
Кентау политехникалық колледжі 2011 жылы Кентау трансформатор зауытының негізінде құрылған. Бұл – еліміздегі ірі электротехникалық компаниялардың бірі – «Alageum Electric» холдингінің құрылымдық бөлігі. Оқу орнының басты артықшылығы – өндіріс пен білімді ұштастыра отырып, нақты нарық сұранысына бейімделген мамандарды дайындауында.
Бүгінде колледжде 800-ден астам студент 11 мамандық бойынша білім алуда. Олардың қатарында электроэнергетика, автоматтандыру, IT, мехатроника, 3D-модельдеу, жаңартылатын энергия көздері сияқты заманауи бағыттар бар.
Пресс-тур барысында журналистер колледждің түрлі шеберханаларын, зертханаларын, IT сыныптарын, жаңартылған оқу кабинеттерін аралап, оқу үдерісінің заманауи талаптарға сай жүргізіліп жатқанын көзбен көрді. Кабинеттер интерактивті тақталармен, заманауи компьютерлермен жабдықталған. Ал колледж кітапханасының қорында 13 мыңға жуық техникалық және көркем әдебиеттер бар. Бұл студенттердің терең білім алуына үлкен мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, оқу процесінде «Smartnation» платформасы кеңінен қолданылады. Бұл – оқу үдерісін цифрландыру арқылы студент пен оқытушы арасындағы байланысты жеңілдетіп, ашық әрі ыңғайлы оқу ортасын қамтамасыз ететін цифрлық құрал.
Колледждің басты серіктесі – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ. Тілшілер зауыттың өндірістік алаңына барып, оқу ордасының түлектерімен жүздесті. Зауыт заманауи қондырғылармен жабдықталған, ал мұндағы өнімдер ішкі нарықпен қатар, шетелге де экспортталады. Колледж студенттері оқу жылының алғашқы күндерінен бастап осы өндірістік мекемеде тәжірибеден өтеді. Бұл жүйе жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға зор мүмкіндік береді.
Оқу орны ашылғаннан бері 2 мыңға жуық түлек білім алып шыққан. Олардың көпшілігі бүгінде еліміздің жетекші кәсіпорындарында еңбек етіп жүр.
Айта кетейік, Кентау политехникалық колледжі – Қазақстандағы ТОП-10 үздік техникалық колледждің қатарында. Түркістан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру саласының көшбасшысы саналатын оқу орнында өндіріс, инновация және тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі тиімді түрде жүзеге асырылып келеді.
Энергетика, машина жасау, ақпараттық технологиялар, автоматтандыру және «жасыл» энергетика бағыттары бойынша жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлап отырған бұл колледж – еліміздің техникалық кадрлар базасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.












