Wednesday, November 27

Шымкентте «Жас ұлан» мектебінің түлектері сынақ тапсырды

0
118

Шымкентте «Жас ұлан» мектебінің түлектері мемлекеттік емтихан тапсырды. Ұлттық Бірыңғай тестілеуге 210 түлек қатысты. Мемлекеттік емтихан барысында түлектер эссе, алгебра пәндері бойынша бақылау жұмысын жазып, Қазақстан тарихы және орыс тілдерінен тестілеуден өтті.

Биыл емтихан алғаш рет офлайн форматта өтті. Түлектерге екі рет тест тапсыруға мүмкіндік берілді. Бірінші кезеңінде-ақ әскери мектеп оқушыларының көпшілігі 100 балл жинап, шекті деңгейден өтті. Үздік нәтижені 131 балл алған ұлан Мағжан Серікбай көрсетті. Ол алдағы уақытта Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты болғысы келетінін жеткізді.

Айта кетейік, «Жас ұлан» түлектері Қарулы Күштердің жоғары әскери оқу орындарына, сондай-ақ басқа да ведомстволардың жоғары оқу орындарына, оның ішінде шетелдерге түсуге ниетті. Әскери мектеп қабырғасында оқыған жастар екі жыл ішінде дене бітімін нығайтып, жауапкершілікті және тәртіпті болуды үйренді. Сонымен қатар, әскери істің қыр-сырын игерді. Барлық емтихандар мен тестілерді аяқтағаннан кейін оларға жалпы орта білім туралы аттестаттар берілетін болады.

Leave a reply