Қалалық мәслихат депутаты тұрғын үй құрылысының бүгінгі қарқынымен танысты
Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, Шымкент қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Бекайдар Тулегенов пен құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Үсенұлы және Қаратау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбдез Рахманұлының қатысуымен партияның Шымкент қаласына арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына мониторинг жүргізілді.
Биыл қаламызда 661 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Осыған орай, мониторингтік топ Тұран шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Айта кетсек, қазіргі таңда 88 көпқабатты үй салынуда. Алғашқы легі шілде айының соңында тапсырылмақ. Ағымдағы жылы 29 көпқабатты тұрғын үйдің 1880 пәтеріне тұрғындардың қоныстануы жоспарланып отыр. Жергілікті билік тарапынан құрылыс жұмыстарына 25 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Бүгінде құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ, Тұран шағын ауданына ауыз су, электр энергиясы мен көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымдық жүйелер мемлекет есебінен құрылыс басталмай жатып тартылған. Алдағы бірер аптада тұрғын үйлердің арасына асфальтбетон жамылығысы салына бастайды. Ал, құрылыста қолданылып жатқан материалдардың 90%-ын отандық өнім құрап отыр. Сонымен қатар, Тұран шағын ауданында екі мектеп пен екі балабақша салынбақ.
Мониторинг барысында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, Шымкент қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Бекайдар Тулегенов тұрғын үйлердің уақтылы тапсырылуы мен сапалы салынуына баса назар аударып, партия тарапынан сайлауалды бағдарламасының орындалуы қатал қадағаланып тұратынын тілге тиек етті.