Кентауда жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту бағытында семинар өтті

0
41

2025 жылдың 4 қарашасында Кентау қалалық Мансап орталығында қала кәсіпкерлері мен жұмыс берушілердің қатысуымен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған ауқымды семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыс берушілер мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы арқылы өңірде еңбекпен қамтуды арттыру және халықтың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету.

Семинарға Кентау қаласының прокуратура өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер мен мекеме басшылары қатысты. Кездесу барысында Кентау қаласының прокурорлары Жорабеков Олжас пен Досалиев Диар жұмыс берушілерге еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты тапсырмалар берді. Олар жұмыссыз азаматтарды белсенді түрде жұмысқа тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмысқа орналастыру үдерісін жеңілдету қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, прокурорлар пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Бұл санаттағы азаматтарға еңбек арқылы қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екені айтылды.

Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Мансап орталығының мамандары қазіргі еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, азаматтарды жұмыспен қамтудың жаңа тетіктерін түсіндірді.

Семинар соңында қатысушылар мемлекеттік және жеке сектордың бірлескен еңбегі ғана өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыруға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, Кентау қаласында еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту ісіне серпін беретіні күтілуде.

Leave a reply