Бруцеллездiң қауіптілігі мен одан қорғану жолдары

Бруцеллез – малда, адамда созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Аурудың ең басты белгілерінің бірі – ол ауырған малдың іш тастауы және шуының түспеуі.
Бруцеллез ауруы сиыр, қой, ешкі, түйе, шошқа, малының арасында жиі кездеседі. Адамдар үшін бұл аурудың қой, ешкі малының арасында болатын түрі өте қауіпті саналады. Жас төлдер бұл ауруға бастапқы кезде төзімділік байқатса да өсе келе жыныстық күйі жетілген кезде шалдығатын болады. Аурудың мал арасында кең тарауына бірден—бір септігін тигізетін жайттар: малдың азықтануының толық болмауы, орындарының лайықсыз болуы, сондықтан айтылған жағдайлар қатаң ескерілуі тиіс. Тағы бір ескертетін нәрсе, ол ауырған малдың сырт белгілерінен оншалықты көрер көзге байқалмауы, соның салдарынан олар басқа малмен бірге жүріп аурудың қоздырғышын үнемі бөліп, айнала қоршаған ортаны ластайтындығы. Сол себебті ауырған мал шыққан жерлер бұл аурудың тұрақты залалды орны болып есептеледі. Бұл аурудың ең көп байқалатын уақыты малдың төлдеу кездері болып саналады. Іш тастаған мал 2 ай шамасындай уақыт жыныс жолдары арқылы аурудың қоздырғышын бөлетін болады.
Аурудың қоздырғышы жем, су, астау, айыр, күрек, т.с.с. заттарға жұғуы себепті, ол заттар да бұл аурудың кең тарауына септігін тигізушілердің қатарына жатады. Тіпті ауру мал жайылған жерлердің өзі де бұл аурудың қоздырғышымен залалдануы себепті оны таратушы болып саналады. Сол сияқты, ауру малды бағып— күтуші адамдардың өздері де қолына не киіміне аурудың қоздырғышы жұққандықтан ауру таратушылардың бірі болып есептеледі. Сондықтан да осы айтылған жайттар қатаң ескерілуі тиіс. Малдың организміне енген бруцеллездің қоздырғышы лимфа бездеріне жинақталып, одан әрі қан жүйесіне еніп, бүкіл денесіне тарайды. Олардың ең бір өсіп —өніп көбеюіне қолайлы жері малдың жатыры болып саналады. Соның салдарынан малдың жатыры түрлі өзгерістерге ұшырап, буаз малдың іш тастауына душар етеді және олар бұл аурумен созылмалы түрде ауыратын болады. Бруцеллез ауруы малда созылмалы және бүркемелі (латентті) түрде өтеді. Аурудың қоздырғышы жұққаннан 14-20 күн өткеннен кейін малдың қанында агглютинин пайда болады. Аурудың қоздырғышы жұққан буаз мал 5-8 айлығында іш тастайды, ал егер де ол бойдақ малға жұққан болса, онда олар латентті түрде ауыратын болады. Бруцеллез ауруынан малды сақтандыру, сауықтыру мақсатында мына төмендегі малдәрігерлік, санитариялық шаралар іске асырылуы тиіс:
Алдын—алу шаралары:
Бруцеллезді жұқтыруды болдырмау үшін, әрбір адам келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет:
—шаруашылыққа әкелінетін малдың дені таза болуы, яғни олардың бруцеллез ауруына тексерілгендігі жөнінде малдәрігерлік құжаты;(ветеринариялық анықтама) —басқа жақтан әкелінетін мал бақылауға алынып, бруцеллезге қайталап тексеріліп, малдың сау екендігіне көз жеткізгеннен кейін басқа малдарға қосып бағуға рұқсат ету;
— жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу;
— малда түсік тастау жағдайын тез арада малдәрігеріне хабарлау;
— балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім жасауына, олардың төлдерімен ойнауына жол бермеу;
— мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию;
— бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу;
— жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
— ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу;
— малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу;
— малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу;
— жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;
— ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері). Сондай-ақ мал қожайыны малдағы іш тастаудың, төлдің өлі туылуының әрбір жағдайын малдәрігерлеріне хабардар етуге міндетті.
— Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жылына екi рет бруцеллезге диагностикалық тексеру жүргiзiледi.
— Бруцеллез бойынша ветеринариялық iс-шаралар жүргiзу тәртiбiне сәйкес мал иелерi ауру жануарларды басқа жануарлардан оқшаулап, күнтiзбелiк 15 күннен аспайтын мерзiмде ет комбинаттарына немесе сою пункттерiне санитариялық союға өткiзуге мiндеттi. Малды санитариялық союға өткiзгеннен кейiн, ауру мал тұрған қораны ветеринариялық қызмет мамандары дезинфекциялау үшiн қи мен жемшөптен тазарту қажет.
ТО ВБ «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК Түркістан қалалық филиалының эпизоотолог маманы М.Бектай












