Түркістанда халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтуде

Түркістанда 26–28 қараша аралығында Turkistan Book Fair–2025 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шара «Конгресс-холл» кешенінде ұйымдастырылған. Көрмеге Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Қазақстаннан келген 50-ге жуық баспа ұйымы қатысуда.
Көрме барысында шетелдік баспалар заманауи проза, балалар әдебиеті, ұлттық әдебиет және түрлі жанрдағы басылымдарды ұсынды. Түркиядан келген ұйымдар қазіргі авторлардың шығармаларын таныстырса, Өзбекстан мен Әзербайжан баспалары жаңартылған форматтағы еңбектерін әкелген. Қырғызстан мен Моңғолиядан келген басылымдар да көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстандық баспалардың қатары да кең. Балалар әдебиеті, көркем әдебиет, энциклопедиялық және жасөспірімдерге арналған кітаптар ұсынылды. Arman-PV, Фолиант, Атамұра, Almatykitap, Steppe&World және өңірлік баспалар мазмұны жеңіл оқылатын, безендірілуі жаңартылған кітаптарын таныстырды.
Arman-PV баспасы көрмеге жаңа басылымдарын алып келді. Олардың қатарында «Көшпенділер ойындары» кітабы мен балаларға арналған танымдық мазмұндағы кітаптар бар. «Көшпенділер ойындары» еңбегінде қазақ халқының дәстүрлі ойындары мен спорт түрлері қарапайым тілмен беріледі. Балаларға арналған танымдық кітаптарда тіл үйренуге және дүниетанымды кеңейтуге бағытталған материалдар қамтылған.
Сондай-ақ көрмеде цифрлық оқу материалдары да таныстырылды. Arman-PV баспасының Ekitap.kz платформасы оқу контентін электрондық форматта ұсынатын құрал ретінде көрсетілді. Платформада оқу материалдары, тапсырмалар және түсіндірмелер біріктірілген. Оның үсіне баспа жасанды интеллект модульдерін қолдану арқылы, сапалы видео, аудиоконтент және оқушылар мен ұстаздарға көмекші құрал Arman AI-ды таныстырды.
Оқырман тарапынан балалар әдебиетіне, ұлттық мазмұндағы кітаптарға және түрік пен өзбек авторларының аудармаларына сұраныс жоғары болды.
Turkistan Book Fair–2025 көрме-жәрмеңкесі аймақтағы әдеби ортаға жаңа серпін беріп, халықаралық және отандық баспалардың ынтымақтастығын арттыруға ықпал етуде.













