АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТА БЕС ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

0
39
Арыс қаласында жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік аймақ құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде көлемдері 480 шаршы метрді құрайтын 6 ғимарат бой көтеруде. Нысандардағы жұмыстармен шаһар басшысы Қайсар Маңқараев арнайы танысып, мердігер мекемеге бірқатар тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда өндірістік аймақта инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Электр желісі толық тартылған, кәріз жүйесі мен ауызсу ұңғымасы дайын. Табиғи газ желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдар шығару бағытындағы бес жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қала әкімі жеке инвестор есебінен салынып жатқан логистикалық орталық алаңында да болды. Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын нысанға теміржол тартылған. Жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы ауыр жүк көліктері де сатып алынған. Қала басшысы бұл жобаның өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтіп, инвесторларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Қайсар Зәкірұлы «Coca-Cola» компаниясының ресми өкілі болып табылатын «BADAM DRINKS» ЖШС-ң транспорттық-логистикалық орталығында болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын да теміржол тұйығымен қамтылған. Қазіргі таңда онда 60-тан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Орталық Арыс қаласымен қатар Ордабасы және Бәйдібек аудандарына тауар жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave a reply