Thursday, November 21

500-ге жуық ағза алмастыру отасына қатысқан маман

0
106

Шымкент қаласында трансплантология отасы қарқынды дамып келеді. Ағза алмастыру отасын жасайтын білікті медицина мамандарының бірі – Рақымжан Үмбетжанов. Білікті маман бүгінге дейін 500-ге жуық операцияға ассистент болып қатысқан. Бүгінде Шымкент қалалық №1 клиникалық емхананың гипатобилярлы хирургия және трансплантология бөлімінде еңбек етіп жүр.

Беларуссияда жасаған трансплантациясы Р.Үмбетжановтың әп-сәтте абыройын арттырды. Оның бес айлық сәбидің бауырын ауыстырып, оған өмір сыйлағаны туралы шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазысты.
Күрделі ота бірінші санатты хирург-дәрігердің кәсібилігінің арқасында сәтті өтті. Сарғайып туылған, салмағы 7,5 келі тартатын сәбиге анасы бауырының бір бөлшегін берді. «Сабақты ине сәтімен» деген, ішкі ағзасы ауыстырылмағанда балақайдың өмір сүруі екіталай еді. Не керек, отадан кейін арада 16 күн өткенде науқастың беті бері қарады. Анасының да жағдайы қалыпқа келді.
– Өмір мен өлім арпалысқан сәтте жауапкершілік жоғары болуы керек. Біздің жұмыс қателікті кешірмейді. Ал трансплантация – командалық еңбектің жемісі, – дейді ақ халатты абзал жан.

Айта кету керек, Р.Үмбетжановтың жетекшілігімен Беларуссияда жасалған ота – алғашқы ағза ауыстыру отасы болды. Осы елде гепатитпен ауырған ер кісіге жасаған отасы да мамандардың есінде қалды. Цирроз салдарынан жағдайы мүшкіл науқас қиын жағдайда ауруханаға түскен. Жас маман оның қан құсуын тоқтатып, науқасты донорлық топқа қойып, ота жасады. Ол сәтті шығып, дерті меңдеген кісі сауығып, әлі өмір сүріп келеді. Мұнан бөлек, еліміздегі 1987 жылғы бойжеткенге жасалған трансплантация да оң нәтижесін көрсетті. Туысы оған бауырының жартысын берген еді. 6 жылдан астам уақыттан соң науқас бала сүйді. Қазір оның екінші сәбиі бар.

Жас маман бұған дейін 500-ге жуық трансплантацияға қатысқан. Оның ішінде Шымкентте 23 бауыр, 160 бүйрек ауыстырған. Өкінішке қарай, қалада 600-ге жуық бауыр, 800-ге жуық адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Бірақ олардың бәріне бірдей донор жоқ.
Білікті маманның айтуынша, ағза алмастыру отасы донор табылғандарға ғана жасалып жатыр.

Leave a reply