ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК ПЕН ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

0
19

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Өңір экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестициялық белсенділікті арттыру және өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану мен отандық өндірісті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттар өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды құралдардың бірі болып саналады. Соңғы жылдары Түркістан облысында инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Осы бағытта өткізілген инвестициялық форумдар мен кездесулерде өндірістік жобаларды іске асыру, жаңа кәсіпорындар ашу және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері көтерілді. Нәтижесінде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндіріс орындарының саны артып келеді. Отандық өндірісті қолдау өңір экономикасын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі және машина жасау салаларындағы кәсіпорындарды дамытуға басымдық берілуде.

Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға ерекше назар аударылуда. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігі мен салалық басқармалар тарапынан тұрақты бақылауда ұсталып, түрлі деңгейдегі жиындарда талқыланып келеді. Өңірде өткізілетін аппараттық мәжілістерде, инвестициялық штаб отырыстарында және кәсіпкерлермен кездесулерде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда жеке сектордың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану мәселелері қаралады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым салаларында маңызды жобаларды жүзеге асыруға жол ашуда. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жеке инвесторлар өз қаражатын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттауға мүмкіндік алуда. Мұндай жобалар бюджет қаражатын тиімді пайдаланумен қатар, халыққа ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Түркістан облысында отандық өндірісті қолдау мәселесіне де басымдық берілуде. Өңірде өндіріс орындарын ашу, жаңа технологияларды енгізу және жергілікті кәсіпорындардың өнім көлемін арттыру бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылып келеді. Жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, инфрақұрылым тарту және консультациялық қолдау құралдары өндірістік жобалардың жүзеге асуына серпін беруде. Бұл өз кезегінде өңірдегі өндіріс көлемінің артуына, импортқа тәуелділіктің төмендеуіне және жергілікті өнімдердің ішкі нарықтағы үлесінің көбеюіне ықпал етуде. Облыста өткізілген кәсіпкерлер форумдары, салалық кеңестер мен инвестициялық кездесулер барысында жергілікті өндірісті дамыту және отандық өнімді қолдау мәселелері тұрақты түрде көтеріліп келеді. Кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге қатысты өз ұсыныстарын білдірсе, мемлекеттік органдар тарапынан оларды қолдау тетіктері түсіндіріліп, өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылады. Мұндай ашық диалог бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында отандық және шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асыру жұмыстары да қарқын алуда. Жаңа өндіріс орындарын ашу, индустриялық аймақтарды дамыту және экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау арқылы өңірдің өнеркәсіптік мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер етуде.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесінде жергілікті тауар өндірушілердің үлесін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар отандық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік береді. Жалпы, Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және отандық өндірісті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңір экономикасының орнықты дамуына, инвестиция тартуға және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта да мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестікті нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және отандық өндірушілерді қолдау жұмыстары жалғасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін болады.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңгеге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Өткен жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да өңірге 1,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Осы мақсатта жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА орналасқан «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС 16 роторлы (айналмалы) иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауытының құрылысын қолға алған. Келес ауданында «Ажур» ЖШС қуаттылығы 20 МВт күн электрстанциясын салып жатыр. Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» АӨК жемістерді қайта өңдеу цехы және көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жетісай ауданындағы «Olzha Smart» ЖШС жалпы білім беретін мектебі соғылуда. Бәйдібек ауданында «AMANAT AGRO BAIDYBEK» АӨК мақта өңдеу мен тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорынның құрылысын іске асыруда.

Leave a reply