Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан қазақстандық-қытайлық бірлескен жобалар өңірдің индустриялық дамуын жеделдетіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға кең мүмкіндік беріп отыр. Бұл әріптестік өңір экономикасының стратегиялық бағыттарын дамытуда маңызды рөл атқарып, инвестициялық тартымдылықты күшейтуде.
Соңғы жылдары Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының компаниялары арасындағы өзара ынтымақтастық айтарлықтай кеңейіп, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы және логистика салаларында бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда. Аталған жобалар заманауи өндірістік технологияларды енгізуге, өндіріс процесін автоматтандыруға және өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірде жаңа өндірістік кластерлердің қалыптасуына ықпал етуде. Индустриялық аймақтарда бірлескен кәсіпорындар құрылып, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп және жоғары технологиялы өндірістер жолға қойылуда. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл ынтымақтастық аясында жаңа технологияларды трансферттеу мәселесіне ерекше назар аударылуда. Заманауи өндірістік жабдықтар, цифрлық басқару жүйелері және автоматтандырылған өндіріс желілері енгізіліп, еңбек өнімділігін арттыруға және өндіріс шығындарын азайтуға жағдай жасалуда. Бұл факторлар өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, экспорттық нарықтарға шығуына жол ашады.
Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы, Нанкин қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және тоқыма компаниялары – Lihua Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайд пен оның серіктесі халықаралық ірі тоқыма өндіруші Huafang компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шэн Шоусянмен кездесті. Кездесу барысында Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мақта-тоқыма кластерінің даму барысы, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және химия саласындағы инвестициялық бастамалар жан-жақты талқыланды. Өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, Түркістан облысындағы ауқымды инвестициялық жобалары өңір экономикасының дамуына тың серпін бергенін атап өтті.
– Бүгін сіздермен кездесіп, ынтымақтастығымыздың жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Lihua Group Түркістан облысы үшін өзін сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде дәлелдеді. Біз компанияның өңірімізде жүзеге асырып жатқан толық циклді мақта-тоқыма кластері жобасын жоғары бағалаймыз. Бұл жоба ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін біріктіріп, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров. Бүгінде Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мақта-тоқыма кластері Қазақстандағы ең ірі индустриялық жобалардың бірі саналады. Жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын жоба Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, Арыс қаласы мен Отырар ауданында іске асырылуда. Жоба аясында мақта өсіруден бастап дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасады. Кластер құрамында мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорындар, ПВХ құбырлар зауыты, иіру фабрикасы, мата тоқу өндірісі, бояу-әрлеу фабрикасы және тігін өндірістері жұмыс істейтін болады. Кластер толық қуатына шыққан кезде 4150 адам жұмыспен қамтылады. Кездесу барысында жыл соңына дейін іске қосылатын жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын алты өндірістік жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 4 миллион дана үй тоқыма бұйымдарын шығаратын тігін фабрикасы, жылына 47 миллион метр мата өндіретін тоқыма және бояу-әрлеу фабрикалары, екі мақта өңдеу зауыты мен мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны пайдалануға беріледі. Сонымен қатар тараптар Түркістан облысында іске асырылатын жаңа стратегиялық жоба – аммиак пен карбамид өндіретін интеграцияланған кешен құрылысына қатысты келісімге келді. Құны 70 млрд теңгені құрайтын бұл жоба Сауран ауданындағы «Оранғай» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады. Жобаның өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна аммиак пен карбамид өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан облысы – Қазақстандағы ең ірі аграрлық өңірлердің бірі. Сондықтан жоғары сапалы азотты тыңайтқыштарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты аммиак және карбамид өндіру кешенінің құрылысы өңірдің агроөнеркәсіптік кешені үшін стратегиялық маңызға ие. Түркістан облысының әкімі бұл бастаманы толық қолдап, жаңа зауытты сапалы әрі мерзімінде іске асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін айтты. Кездесуде сондай-ақ Huafang компаниясының Түркістан облысында мата өндіру және бояу-әрлеу өндірістерін бастау мәселесі талқыланды.
Нұралхан Көшеров өңірде тоқыма өнеркәсібін дамыту бағытындағы жаңа бастамаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұл бастамалар өңірдегі мақта-тоқыма кластерінің әлеуетін күшейтіп, жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіруге жол ашады. 1976 жылы құрылған Huafang Қытайдағы ірі тоқыма және бояу-әрлеу саласындағы жетекші өндірушілердің бірі. Ол боялған және баспа маталарын, киім-кешек пен үй тоқыма өнімдерін шығарады. Компания жыл сайын 400 миллион метрге жуық мата, 20 миллион дана үй тоқыма бұйымдары мен 3,5 миллион дана дайын киім шығарады. Өнімдерінің 80 пайызын әлемнің 50-ден астам еліне экспорттайды. Кездесу қорытындысында тараптар Түркістан облысы мен Қытай компаниялары арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, инвестициялық жобаларды жедел іске асыруға және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Айта кетейік, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан қазақстандық-қытайлық бірлескен жобалар өңірдің индустриялық дамуын жеделдетіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық-қытайлық бірлескен жобалардың тағы бір маңызды нәтижесі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Өндіріс орындарының іске қосылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етуде. Сонымен қатар жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу бағытындағы бағдарламалар да жүзеге асырылуда.
Агроөнеркәсіп саласында да екіжақты әріптестік белсенді дамып келеді. Су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту бойынша бірлескен жобалар іске асырылуда. Бұл Түркістан облысының ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырып, халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысындағы қазақстандық-қытайлық бірлескен жобалар өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін беріп, инвестициялық ахуалды жақсартуда. Бұл әріптестік алдағы уақытта да кеңейіп, жаңа өндірістердің ашылуына, технологиялық жаңғыруға және экспорттық әлеуеттің артуына негіз болмақ.