ТҮРКІСТАН: СУ ТАПШЫЛЫҒЫН АЗАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

0
29

Облыс көлемінде агротехнологияларды енгізу мәселесі өзекті болып отыр. Солардың ішінде жасанды жауын-шашын шақыру технологиясы климаттық тәуекелдерді азайтуға және құрғақшылықтың әсерін төмендетуге бағытталған перспективалы шешімдердің бірі ретінде қарастырылады. Өңірде жасанды жауын-шашын шақыру технологиясы шөлейт аймақтардағы құм көшкіндерінің алдын алу және көлдер жүйесінің экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында қолданылуда. Жобаның аясында Созақ ауданындағы Жуантөбе–Тасты аумағындағы үш нүктеге, сондай-ақ Қызылқұм өңірі мен Отырар ауданындағы Жетікөл бағытына арнайы реагенттер шашылды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстардың нәтижесі ауа райы мен атмосфералық жағдайларға тікелей байланысты болғандықтан, тәжірибелік зерттеулер жалғасуда.

Реагенттердің әсер ету аумағы шамамен 5 шақырымдық радиусты қамтиды. Пилоттық жоба үшін Түркістан облысының таңдалуына өңірдегі құрғақшылықтың жиілеуі мен су тапшылығының күшеюі негізгі себеп болған.

Жасанды жауын-шашын шақыру технологиясы атмосфералық үдерістерге әсер ету арқылы бұлттардың жауынға айналуын жеделдетуге негізделген. Арнайы авиациялық немесе жерүсті құрылғылар арқылы бұлттарға йодид күмісі, тұз бөлшектері немесе басқа да реагенттер жіберіліп, ылғалдың конденсациялану процесі күшейтіледі. Нәтижесінде жауын-шашын түсу ықтималдығы артады.

Түркістан облысы климаттық жағдайы құрғақ әрі шөлейт аймақтарға жақын болғандықтан, су тапшылығы мәселесі ауыл шаруашылығына айтарлықтай әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды жауын-шашын технологиясы егістік алқаптарды қосымша ылғалмен қамтамасыз етуге, жайылымдарды сақтауға және құрғақшылық кезеңдерінің салдарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл технологияны енгізу су ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, егін өнімділігін арттыруға да ықпал етеді. Мысалы, дәнді дақылдар, көкөніс және жеміс шаруашылығы үшін табиғи жауын-шашын жеткіліксіз болған жағдайда қосымша ылғал көзі ретінде қолдануға болады. Бұл фермерлердің тәуекелін азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, жасанды жауын-шашын шақыру технологиясын енгізу ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Атмосфералық жағдайларды дәл болжау, бұлттардың құрамын талдау және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды факторлар болып табылады. Сондықтан бұл бағытта метеорологиялық қызметтер мен ғылыми орталықтардың рөлі ерекше. Технологияны тиімді қолдану үшін заманауи цифрлық мониторинг жүйелері де қажет. Спутниктік деректер мен ауа райын болжау модельдері арқылы бұлттардың қозғалысы мен ылғалдылығы бақыланып, жасанды әсер етудің оңтайлы уақыты анықталады. Бұл өз кезегінде технологияның тиімділігін арттырады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында жасанды жауын-шашын шақыру технологиясын қолдану болашақта су тапшылығы мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығын тұрақтандыруға және климаттық өзгерістердің әсерін азайтуға ықпал ететін инновациялық бағыттардың бірі болып саналады.  Аталған технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.

Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу маңызды шара. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер біздің облысымызға тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – біз үшін стратегиялық маңызды міндет. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізуде. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз. Бірлескен жұмысымыз сәтті болсын! – деді облыс әкімі. Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді.

Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады.  Сондай-ақ, жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға, құрғақшылықтан келетін шығынды азайтуға және өнімділіктің өсуін қолдауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады.

Leave a reply