
Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, аумақтық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамдас бөлігі саналатын аумақтық қорғаныс жүйесінің маңызы ерекше. Оның негізгі міндеті – ел аумағын қорғауға қатысу, маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етуге дайын болу.
Осы бағытта Түркістан облысында аумақтық қорғаныс жүйесін дамыту, әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және запастағы әскери міндетті азаматтардың кәсіби даярлығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Аумақтық қорғаныс саласындағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024–2028 жылдарға арналған аумақтық қорғанысты дамыту жөніндегі кешенді жоспары негізінде жүзеге асырылуда. Аталған жоспар аясында өңірдегі аумақтық әскерлердің материалдық-техникалық базасын нығайту, инфрақұрылымдық нысандарын дамыту, әскери бөлімдердің жасақталуын жетілдіру және басқару жүйесін оңтайландыру мәселелеріне басымдық берілген.
Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында да талқыланды. Сапар кезінде ол өңір басшылығымен кездесіп, аумақтық қорғаныс бригадасының қызметімен танысты. Сонымен қатар 99210 әскери бөлімінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен жеке құрамның жасақталу жағдайын тексерді. Кездесу барысында аумақтық қорғаныстың инфрақұрылымдық нысандарын дамыту және бригаданың жауынгерлік әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.
Өңірде әскери міндетті азаматтардың даярлығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта аумақтық қорғаныс бригадасының қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып келеді. Мұндай жиындар запастағы азаматтардың бұрын алған әскери білімін жаңғыртуға, практикалық машықтарын жетілдіруге және бөлімшелер құрамында бірлесіп әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Мәселен, Түркістан облысындағы «Арыс» полигонында «Арыс-2025» атты он күндік тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамына кіретін аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілері қатысты. Жиын барысында жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі тексеріліп, теориялық білім мен далалық дайындық сабақтары өзара ұштастырылды. Қатысушылар практикалық машықтарын жетілдіріп, бөлімшелердің тактикалық міндеттерді орындау кезіндегі өзара іс-қимылын пысықтады.
Биыл облыстағы «Орда» полигонында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен кезекті он күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған 120 әскери міндетті азамат қатысты. Дайындық бағдарламасы мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы және атыс даярлығы бағыттарын қамтыды. Жалпы оқу бағдарламасына 18 пән енгізілді.
Жиын барысында әскери міндеттілер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын қайта шыңдады. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау, бөлімшелер арасындағы үйлесімділікті арттыру және түрлі жағдайларда міндеттерді орындау мәселелері пысықталды. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қатысушылардың даярлық деңгейі бағаланды.
Аумақтық қорғаныс жүйесін дамытуда әскери міндеттілердің әлеуметтік жағдайына да назар аударылады. Әскери жиындарға шақырылған азаматтардың негізгі жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Бұдан бөлек, олар белгіленген тәртіппен ақшалай өтемақымен, киім-кешекпен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл азаматтардың әскери дайындыққа қатысуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Аумақтық қорғаныс – тек әскери құрылымдардың ғана емес, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылына негізделген кешенді жүйе. Сондықтан оның тиімділігін арттыруда жұмылдыру дайындығын жетілдіру, әскери резервті қалыптастыру және тиісті құрылымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды орын алады.
Жалпы, Түркістан облысында аумақтық қорғаныс жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әскери инфрақұрылымды нығайту, запастағы азаматтардың даярлығын арттыру және тұрақты оқу-жаттығулар өткізу еліміздің қорғаныс әлеуетін күшейтуге, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Отан қорғау ісіне азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.












