М.Исахов қаланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады

0
105

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Онда Мақсұт Пернебайұлы қаланың стратегиялық дамуы аясында (спорт, туризм, жол құрылысы, транспорт, цифрландыру, қала орта сапасы мен оны бақылау және еңбек инспекциясы салалары) атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Ең алдымен өзім жетекшілік ететін салалардың ауқымды жұмыстарына қысқаша тоқталып кетсем, қалған бөлігін пресс-тур барысында толықтыратын боламыз. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 18 тасымалдаушы компания 79 маршрутта қызмет көрсетуде. Оның 57-і (73%) кешенді схемаға сәйкес келеді. Сондай-ақ, «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылғаннан бүгінге дейін 26,8 млн. транзакция қарастырылып, 22,7 млн. теңгеге 80%-дан астам картамен төлем жасалды. Сондай-ақ, автобустарды онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін «I-kolik» қосымшасы іске қосылды. Ал жолдарға тоқталсақ, биыл 168 нысанға (295,3 шақырым) құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін 155 нысан (248,8 шақырым) пайдалануға беріледі. Оның ішінде ішкі орам және шалғайдағы елді мекендердегі көшелердің зерделеу нәтижесі көрсеткендей, топырақ жабындысы бар 172 шақырым көшенің 153 шақырымына тас төселеді. Қазіргі таңда, жұмыстардың 40% атқарылды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Спикердің сөзінше, спорт саласы бойынша қол жеткізген жетістіктер де қомақты. Бұл ретте жыл басынан бері шымкенттік спортшылар ҚР-ның чемпионаттары, кубогтары мен біріншіліктерге қатысып, 315 алтын, 239 күміс, 284 қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионатары мен кубогтарында жерлестеріміз 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальге қол жеткізсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 1 алтын, 5 күміс және 7 қола медальге ие болды. Одан өзге, биыл айтулы шаралардың бірі – ХХХІІ-ші Жазғы Олимпиада Ойындары ағымдағы жылдың 23 шілде – 8 тамыз аралығында Токио қаласында өтеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшылары Олимпиадаға 10 жолдаманы жеңіп алды.

Сонымен қатар, Еңбек инспекциясының жұмыстарына тоқталар болсақ, жыл басынан бері жұмыскерлерден 488 арыз-шағым мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, тиісті жауаптар қарастырылған. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 76 тексеру жүргізіліп, 89 заңбұзушылық анықталды. Оның 46-на нұсқама берілген. Тексеру нәтижелерімен 4,1 млн.теңге көлемінде 23 әкімшілік айыппұл салынып, 20 қозғалған әкімшілік іс бойынша 2,7 млн. теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, 33 кәсіпорындағы 1959 жұмыскердің 151,2 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздарын төлеткізіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалды.

Брифинг барысында Мақсұт Пернебайұлы жақында өзінің кураторлығына қосылған қаланың орта сапасы және бақылау басқармасының жұмысына тоқталды.

– Басқарманың бастамасымен 5 айда жалпы 36 талап-арыз бен хаттама азаматтық іс сот қарауына жолданды. Жыл басынан бері 8 ғимараттың 6-ы сот шешімімен, 2 нысан меншік иелерімен өз бетінше бұзылды. Сонымен қатар, 53 әкімшілік іс қаралып, 22,2 млн. теңге айыппұл салынды. Ал жұмыстарын өз деңгейінде атқармағаны үшін, 12 техникалық және 2 авторлық қадағалаушы сарапшыларға жалпы 2520 АЕК (7 355 840 теңге) айыппұл салынып, аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ, қазіргі таңда басқарма тұрғын үй қорын күтіп ұстау және сақтау бойынша 83 мүлік иелерінің бірлестігін құрып, 294 жай серіктестік құру аясында келісім хаттамаларын жасасты, – деді спикер.

Сонымен қатар, Цифрландыру басқармасының жұмыстары бойынша, өткен жылы қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар үш кезеңге бөлініп, қазіргі таңда алғашқы кезеңінде қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станция орнатылды. Биыл 2-кезеңінде 14 жер қарастырылып, координаталары мобильді байланыс операторларымен келісілді. Оның ішінде жеке инвестор қаражатынан 8 жерге базалық станция орнатылады.

Одан бөлек, Туризм саласына тоқталсақ, республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 5 орында тұр. Биыл қаламызға келуші туристердің саны 71 156 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда (47 741 адам) 149,1%-ға ұлғайған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 69 733 адам, ал кіру туризмінің көрсеткіші – 1 423 адам.

Айта кетейік, биыл туристер үшін «Shymkent Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы» КММ-і құрылып, visit-shymkent.kz порталы жұмыс істеуде. Ал, көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы Шымкент бағытында «FlyArystan» әуекомпаниясы тарапынан 7 рейс (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар) ашылса, биыл қосымша 3 рейс (Ақтөбе, Орал және Семей) іске қосылды.

Leave a reply