Шымкент: қалалық білім басқармасы басшысының есебі тыңдалды
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында дайындалған Жол картасындағы көрсеткіштердің орындалуы туралы бүгін қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева баяндама жасады.
Жиынға қалалық мәслихат депутаттары Ж.Таңатарова, Т.Балтабаев және басқарма қызметкерлері мен мектеп директорлары қатысты.
Басқосу барысында басқарма басшысы алдағы бес жылда үш ауысымды мектептердің мәселелері шешіліп, жетпіс екі мектептің құрылысы жүргізіліп қолданысқа берілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер үлесін 30%-ға арттыру мақсатында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп отырғанын жеткізді.
Және басқарма басшысы мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында арнайы құрылғылар мен бейнекамералар толық орнатылып жатқанын және Жол картасында басқармаға тиісті 13 пункттің барлығы өз деңгейінде сапалы әрі уақытылы орындалатынын мәлімдеді.Жиын соңында депутаттар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, нақты жауаптар алынды.