Шымкентте алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

0
116
Бүгін Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығында қала прокуратурасының және қалалық жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасымен бірге алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, кеңес беру немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркеу және келешекте алимент қарыздарын өтеу.
-Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 10-ға жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Онда 50-ден аса қатысқан борышкерлерге 190-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар «Azala Textile» ЖШС, «Каз Шпал» АҚ, «Мурат-Фарм» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Жаса 4» ЖШС және т.б. Сондай-ақ борышкерлерге жұмыспен қамту орталығы тарапынан 1382 бос жұмыс орындары ұсынылып, кеңес берілді, -деді жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы А.Қабылбек.
Қазіргі таңда өңірлік палатасының мәліметі бойынша Шымкент қаласында 10 311 алимент өндіру туралы құжаттары тіркелсе, оның 500-ге жуығы проблемалық борышкерлер қатарында. Жыл басынан бері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес 131 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал атқару құжаттарын талабын орындамаған 1 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қарызы 6 млн. тг асатын 1 борышкерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Одан бөлек алимент төлеуден жалтарып жүрген 4 борышкерге қатысты қылмыстық іс тергелуде.
-Атап өту керек, борышкерлер ұсынған жұмыстан бас тартса немесе Халыққа қызмет ету орталықтарына келмесе, ол атқару құжаттың орындауынан жалтарған деп саналады және заңмен көзделген әкімшілік немесе қылмыстық іске тартуға негіз болып табылады, –деді Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасы басшысының орынбасары А.Сартбаева.
Жалпы, бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесінде 47 борышкер жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 15-сі тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың басынан бері жұмыспен қамту орталығына өңірлік атқарушылық округінің жеке сот орындаушыларынан 379 жұмыссыз алимент бойынша борышкерлердің ұсыныс хаттары жолданып, оның ішінде 107-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 29-ы жұмыссыз болып тіркелгендер, 21-і жұмыстан бас тартқандар.

Leave a reply