Шымкенттің бас дәрігері жаңа індет қаупінен сақтануға шақырды

0
155

Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов тұрғындарға үндеу жасады.

– Көрші Ресей елінде эпидемиологиялық жағдай күннен күнге өршуде. Шымкент қаласында да жағдай тұрақсыз. Инфекцияға шалдыққан науқастар саны күн санап артуда. Қазір қауіпті инфекцияны жұқтырған 24 науқас ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Коронавирус жұқтырғандар арасында өлім-жітім көрсеткішінің саны артуда.
Осы орайда вакцинация инфекциялық жұқпалы аурулардан, соның ішінде COVID-19-дан қорғанудың ең қауіпсіз әрі тиімді жолы. Сондықтан жаппай вакциналау өте маңызды. Бір жылдан аса уақыт болды осы індетпен бірге өмір сүріп келеміз. Қаладағы барлық емханаларда вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деді мәлімдемесінде қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Коронавирус жұқтырмаудың бірден-бір жолы – екпе алу. Бұл ретте бір тәуілік ішінде қалада 6528 адам вакцина алды (I компонент-3498, II компонент-3030). Айта кетейік, егу науқаны басталғалы барлығы 235 809 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 138 987 адам вакцинаның екі компонентін алды.

Қазір кезде індеттің қаупі сейілген жоқ. Осы ретте медицина мамандары қала тұрғындарына карантиндік шараларды сақтауға, бетперде тағуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, адамдар көп жүретін қоғамдық жерлерге бармауға шақырады.

Еске сала кетсек, Шымкентте барлық емханаларда вакцина таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізіледі.

Leave a reply