Шымкентте жас құтқарушылар жарысты

0
136

Үшінші мегаполисте жас құтқарушылар клубтарының сайысы өтті. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен бәсеке ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Қалалық ТЖ департаменті ұйымдастырған іс-шараға 8 мектептің оқушылары мен мұғалім-жаттықтырушылары қатысты. Сайысқа төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Т.Үркімбаев басшылық жасады. Қала мектептерінен жиналған 8 команда өрт эстафетасы, жауынгерлік киім кию, алғашқы медициналық көмек, жауынгерлік қанат жаю және оқу мұнарасына шабуыл сатысымен шығу сияқты 5 сайыстан сынға түсті.

Жалпы командалық есепте І орынды Еңбекші аудандық №127 жалпы орта білім беретін мектеп командасы иеленсе, ІІ орынды осы аудандағы №99 мектеп-гимназиясының ұландары алды. Ал үздік үштікті Қаратау ауданындағы №113 орта мектеп командасы қорытындыланды. Жүлдегер командалар сыйлық және дипломдармен марапатталды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың терезеден құлауын алдын алу бойынша тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. «Қауіпсіз үй» акциясы аясында ТЖ департаменті ардагерлерінің қолдауымен 50 дана «қауіпсіздік құлыптары» сатып алынған.

Leave a reply