Үш жыл ішінде қалаға 1 трлн теңгеде астам инвестиция тартылды

0
143
Шымкент республикалық қала статусына ие болғалы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны ілгерілеп, оң өзгерістер байқалуда. Үш жылдың ішінде қалаға 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында қаланың даму стратегиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баспасөз брифингінде мәлімдеді. Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд.теңгені құраса, жыл соңында 710 млрд.теңге болады деп жоспарлануда. Қала бюджеті 2017 жылдан бері 3,7 есе өсіп, 131,2 млрд.теңгеден биыл 481,6 млрд.теңгеге жетті. Салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке өзіндік түсімдер 57 млрд. теңгеден 150 млрд. теңгеге артқан.
– Өздеріңізге белгілі бүкіл әлемде орын алған пандемия әлемдік экономикаға орасан зиянын тигізіп отыр. Бұл жағдай біздің қаламызды да айналып өткен жоқ. Карантиндік шектеулерге байланысты сауда, көлік, қызмет көрсету салалары үлкен зардап шекті. Нәтижесінде іскерлік белсенділік айтарлықтай баяулады. Десек те, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысымен Шымкентте өнеркәсіп өнім көлемі 295 млрд.теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,1 пайызға артты, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі химия өнеркәсібі – 2,1 есеге, фармацевтикалық өнімдер өндірісі – 28,1 пайызға, тоқыма бұйымдары – 23,7 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру – 15,8 пайызға, металлургия өндірісі – 15 пайызға артып отыр.
Қалада сондай-ақ өндірісті дамыту мақсатында, ауданы 718 га 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Атап өтер болсақ, «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» көлік-логистикалық аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтарында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 254,2 млрд. теңге сомасына 174 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда 137,5 млрд.теңге сомасына 7,5 мыңға жуық жұмыс орнымен 112 жоба іске қосылды. Қала экономикасын алдағы 5 жылға дамыту мақсатында биылдан бастап 2021-2025 жылдарға дамыту бағдарламасы жаңа форматта әзірленіп, іске асырылуда.

Leave a reply